Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Хамит Ерғалиев




(1916-1997)

 

Қазақтың талантты ақындарының бірі.

Қазақстанның халық жазушысы (1986). ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының (“Алтын зерең” өлеңдер жинағы үшін, 1981), республикалық Жамбыл атындағы сыйлықтың (“Біздің ауылдың қызы” өлеңдер жинағы үшін, 1953) лауреаты, ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.

Хамит Ерғалиев қазіргі Атырау облысының Махамбет (бұрынғы Новобогат) ауданы аумағында 1916 жылы дүниеге келген. Мұнай рабфагін бітірген соң, 1939 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Бірақ аяқтауға мүмкіншілігі болмай, Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыстан соң республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінде, Қазақстан Жазушылар одағында, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында қызметтер атқарады.

1959 жылдан өмірінің ақырына дейін бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан.

Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясының ыстық-суығына күйіп, оның белді өкілдерінің біріне айналған талантты ақын Хамит Ерғалиев – әдебиетте өзінің дара ізін салып өткен қаламгеріміздің бірі. Оның жігерлі де өр дауысты ақын ретінде өлең өлкесінде қалдырған өрнекті іздері, жалынды шумақтары бүгінгі таңда да көркемдік құнын жойған жоқ. Поэзияға деген адал көзқарасы, табандылықпен сіңірген сәтті шығармашылық еңбектері әдебиетіміздің тарихынан орын алуға лайық.

Баспасөз бетінде алғаш рет 1936 жылы жарияланған. Қырықтан астам төл кітаптары мен аударма жинақтары жарық көрген. Ақын болғаннан кейін оның лирикалық өлеңдер жазғанын, сол арқылы оқырман қауым тарапынан лайықты бағасын алған ұмытуға болмайды.

Сонымен бірге “Әке сыры” (1947), “Үлкен жолдың үстінде” (1949), “Біздің ауылдың қызы” (1958), “Күй дастан” (1970), т.б. сияқты жиырмаға жуық поэманың авторы. Шығармалары түгелдей дерлік орыс тіліне аударылып, Мәскеу баспаларынан бірнеше кітаптары жарық көрген. Әңгімелері мен публицистикалық мақалалары, очерктері де кітап болып басылған.

Хамит Ерғалиев соғысқа дейін-ақ оқырман қауымға ақын ретінде жақсы танымал болған талант иесі. Ол – ә дегеннен-ақ әдебиетке өзіндік леппен, өзіне тән поэтикалық машықпен келген ақын. Әдетте зерттеушілер осы ақынның шығармашылығын Ұлы Отан соғысымен тұстастыра байланыстырып жатады. Бірақ Хамит ақынның өз сөзіне қарағанда әдебиетке ол бұл кезеңнен едәуір ертерек келген: “Менің нағыз ақындық бастау-қайнарым соның ішінде кетті ме деп ойлаймын. Аяулы ана, жауынгер сүйген жар, жас нәресте мен дос-жарандар, тұтас ел-жұрт жайлы ыстық сезімдер, айналып келгенде, Отан туралы ойлы сөздер соның ішінде барырақ секілді еді… Алғашқы қалам тартуым бұдан көп бұрын бола тұра, сын-зерттеу мамандарының мені Отан соғысымен тұстас тануына іштей келісу себебім де содан”[5]

Орал қаласындағы рабфакта оқып жүрген кезінде қабырға газеттерінің бетіне алғашқы өлеңдері шыққан жас ақын іле-шала “Ұлы кек”, “Дүние теңселгенде”, “Шыңдағы сұлу” атты дастандар жазады. Бірақ олардың ішінде газет бетінде жарық көргені соңғысы ғана.

Осылайша поэзия әлеміне өзіндік үнмен екпіндей енген ақын жырлары Ұлы Отан соғысынан кейін көркемдік-эстетикалық тұрғыдан кемелденіп, рухани күш-қуатқа ие бола түсті. Ақынның шығармашылығын, негізінен, бірнеше салаға бөліп қарастырған абзал. Атап айтқанда, олар – лирикалық өлеңдері, дастандары, публицистикалық шығармалары мен аудармалары. Бұл арада атап айтатын нәрсе – Хамит Ерғалиев жақсы қалыптасқан лирик болуымен қатар оқырманға ең алдымен эпик ақын ретінде кеңінен танылды. Оның шығармашылығының басым бөлігін құрайтын туындылар да – осы дастандары. Аталған жанрда жазылған шығармаларын есепке алмаған жағдайда қазақ әдебиетінің тарихынан ақын ретінде берік орын алуы неғайбіл нәрсе.

Х.Ерғалиев шығармашылығында бұл жанрдың алатын орны жөнінде ақын С.Мәуленов: «Хамит поэзиясының ең үлкен шоқтығы – оның эпикалық шығармалары. Оның мүмкіншілігі мол ашылған саласы да сол эпикалық жанр. Осы жанрды сөз еткен тұста оның атының алдыңғы сапта тұрары даусыз. Рас, бізде поэмалар аз жазылды деуге болмайды. Бірақ олардың ішінде Хамит поэмаларындай кезінде көпшілік назарына түсіп, көңіл аударғандары қазақ поэзиясында онша көп емес-тін”[6] деп, тұжырым жасаған болатын.

Бұл талдау барысында алдымен ақынның дастандарына тоқталатынымыз да сондықтан. Әсіресе оның “Әке сыры”, “Жас ана”, “Ақырап”, “Құрманғазы”, “Аңыз ата”, “Біздің ауылдың қызы”, “Оралдағы отты күн”, “Үлкен жолдың үстінде”, “Сенің өзенің”, “Қаһарман хикаясы”, “Жылдар, жылдар”, “Қыз-хисса”, “Суыт жүріс” сияқты дастандары көркемдік жетістіктермен едәуір ерекшеленеді. Бұлардың қай-қайсысы да халқымыздың тарихындағы күрделі кезеңдерді шағын сюжеттер, философиялық пайымдаулар мен психологиялық талдаулар арқылы кестелейді.

Ақын поэмаларының алғашқыларының бірі “Әке сырына” келетін болсақ, бұл шығарма әкенің баласына айтқан толғанысы, сыр-сипаты формасында жазылған. Әке өзінің өмірден көргендерін – қиыншылықтарын, бақытты шақтарын, жұбанышын, үміті мен арманын әлі балиғат жасына жете қоймаған ұлына әр қырынан сыр ғып шертеді. Әке – Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданда қатерлі жаумен алысқан қаһарман жауынгер.

Ақын жоғарыда аталып өткен поэмаларында дәуір шындығын уақыт талабына сай патетикалық өреде көрсетуге тырыса отырып, тек жалаң оқиға қуалап кетуден сақтанатын сияқты. Қай поэмасын алып қарасаңыз да, ақынның өз көңіл күйі, жекелеген толғаныстары, поэзия тілімен айтқан философиялық пайымдаулары қатар жүріп отырады. Кей тұстарда молырақ орын алған лирикалық шегіністер композициялық тұрғыдан шығарманың

тұтастығына кедергі жасап тұрғандай да әсер етеді.

Бір сөзбен айтқанда, Х.Ерғалиевтың оқиғаға құрылған, образдарының даму динамикасы бар эпикалық шығармаларының өзін желдіртіп оқи жөнелу оңайшылыққа соқпайды. Жоғарыдағыдай тереңдікке, философиялық тұжырымдарға құрылған дастандар оқушыдан белгілі бір интеллектуалдық дайындықты, әсіресе әдебиетке қатысты әзірлікті қажет ететінін жасыруға болмас.

Осындай жекелеген ауыр сипаттарына қарамастан, поэмаларда замана тынысы, ақынның айтқысы келген ой-пікірлері, образдық жетістіктер айқын көрініс тауып отырады. Поэзияға тән жекелеген ізденістердің ішінара шаң беріп, қара көрсетіп отыратыны ақын еңбекқорлығының белгісі. “Әке сыры” поэмасынан кейін Х.Ерғалиевты эпик ақын ретінде жаңа бір қырынан көрсеткен туындысы – “Үлкен жолдың үстінде”.

Бұл шығарманың сюжеттік желісі айқын, тілінде көркем суреттер аз емес. Өмір тынысынан хабардар беретін жекелеген шумақтар жалт-жұлт еткен үйлесімді қырларымен көрініс табады. Әсіресе бұл шығармадағы Есболат пен Попов бейнелерінің жасалуында прозалық шығармаларға тән шыншылдық ұшқыны байқалады.

«Үлкен жолдың үстінде» поэмасында автор өз замандастарының ерлік істерін, жаңалыққа құштарлығын, еңбекқорлығын өзіне тән философиялық пайымдаулар арқылы жеткізуге тырысқан. Бұл шығарманың кейіпкерлері де – жаңа қоғамды орнатып жатқан колхозшы, мелиоратор, механизатор, экскавоторшы, инженер сияқты бірыңғай еңбек адамдары. Өндірістік процестерді поэзия тіліне түсіру қай заманда да оңай емес. Ұлы дүбір еңбек қимылдарын суреттеу барысында дастанның өн бойын проза мен публицистикаға тән өзіндік өрнектер басып кете береді. Сол заманда өндіріс тақырыбы туралы жазылған поэзиялық туындылардың биік көркемдік-эстетикалық өреде көріне қоймауының бір себебі осындай қиындықтарда жатыр.

Ақынның оқырман назарын өзіне аударып, тіпті талас пікір де туғызған поэмасының бірі – “Біздің ауылдың қызы”. Мұнда бас кейіпкер Гүлжанның жанға жақын жылы бейнесі, сезім-күйі, іс-әрекеті әжептәуір әсерлі суреттелген. Шығармада өмір тынысы уақытқа тәуелді көріністер мен кейіпкерлердің жан сілкінісі айқын. Өз заманында әдеби сын жиі назар аударатын Кеңес адамының бейнесі саяси-тәлімдік тұрғыдан жақсы жасалған. Жарқын образдардың бірі бас кейіпкер Гүлжан бейнесі арқылы көрінеді. Шығармада қыздың өмірбаяны, балалық кезеңі мен арнайы білім алып, су шаруашылығының маманы болған сәттері әр қырынан алып суреттелген. Қатал табиғатты кеңес адамдарының қалай игергені сол кездегі үрдіске сай жоғары патетикамен берілген. Жайықтың суын шөл далаға алып бару сияқты күрделі еңбек процесінің басқасында жүрген Гүлжан – ерлік еңбек иесі.

Ақынның ірі туындыларының бірі – “Құрманғазы” (1958) поэмасы. Екі бөлімнен тұратын бұл поэма қазақтың көрнекті күйшісі, тарихи тұлға, күй атасы Құрманғазыға арналады. Кейіпкер өмір сүрген замандағы қазақ даласының өмір шындығын әр қырынан алып, жан-жақты суреттеген бұл шығарманың тарихи сипаты басым екені сөзсіз. Поэмада бүкіл дәуір тынысы ашылып, қат-қабат қоғамдық тарихи қақтығыстар бой көрсетеді. Мұның өзі шығарманың эпикалық сипаты мен тарихилығын тереңдете түсетін жағдаяттар. Әлеуметтік тартыс, характерлер қақтығыстары – поэманың қызғылықты оқылуына ықпал жасайтын көркемдік факторлар. Лекілдеп төгіліп отырған шумақтар ұлы күйшінің басынан кешкен ауыр ахуалдарды дәл бейнелеп отырады. Мысалы:

 

Темір тор, биік қамал, қара құлып,

Қояр ма үлкен жанын жара қылып?!

Әрине, жүр надзиратель сап-сарала,

Иыққа суық қару-жарақ іліп[7],

 

– деген шумақтағы уақыттың ызғарлы көрінісі айқын танылады.

Шығарманы оқу барысында ақынның бұл күрделі дүниеге осылай үлкен дайындықпен, зерттеушілік парасатпен келгенін аңғару қиын емес. Ұлы тұлғаны көркем шығарманың кейіпкеріне айналдыру, оны жан-жақты сомдау, бір ауыз сөзбен айтқанда, мұндай ірі көркемдік қадамның авторға жауапкершілік жүктейтіні даусыз. Көркем сөз шебері ретінде осы талапты жақсы сезіне отырып, ақын тиісті үдеден шыға білген.

Түрмеде жатқан Құрманның туған анасы Алқаға жолығу сәті де әсерлі суреттелген. Баласын қайрау үшін оның жағынан тартып жіберген Алқа ананың әрекеті әдепкіде тосын көрінуі де ықтимал. Бірақ осынау оқыс қимыл бас кейіпкердің характерін ашуға ғана емес, оның келешекте күтіп тұрған ірі күрестерге түсуіне де себеп, тірек болғандай. Жалпы Құрманғазы бейнесі қазақ халқының басындағы сол бір күрделі кезеңмен астастырылып, жымдастырыла берілген. Ұлы күйшінің өмірі қазақ халқының рухани қасіретінің нышанындай болып та көрінеді.

“Құрманғазының” екінші бөлімінде шынайы ақындық серпінмен жазылған тараулар бар. Мұнда Құрманғазының қуғын-сүргінге, қауіп-қатерге қайғы-қасіретке толы шырғалаң өмірінің өзін қуған роман сюжеті бізді әр қилы жай-жағдайдың кепілі етеді. Ең қызығы – бұдан біз ұлы композитордың бәріміз білетін белгілі күйлерінің қашан, қалай туғанына көзіміз жетеді, әрбір

күйдің туу себебін, терең сырын түсінеміз.

Ақынның әдебиет тарихында елеулі орын алатын көрнекті шығармаларының бірі – “Жылдар, жылдар” поэмасы. Бұл туындыны лирикалық поэмалардың жиынтығы не болмаса кең тынысты толғаулар циклі десе де болғандай. Өйткені мұнда Кеңес дәуіріндегі өмір шындығы әр жылдардағы түрлі оқиғалар, толғаныстар мен лирикалық шегіністер арқылы бейнеленген. Бұл – Х.Ерғалиевтың ең ұзақ жазған шығармаларының бірі. Оның оқиғасы Жақсылық Асқаров атты журналистің атынан баяндалады.

Бас кейіпкер – Ұлы Отан соғысына арпалысына қатысып келіп, бейбіт өмірге тікелей араласқан саналы азамат. Оның басынан өткен оқиғалар кеңес дәуіріндегі типтік көріністер мен құбылыстарға негізделген.

Бұл туынды туралы ақын, филология ғылымдарының кандидаты С.Сейітов: “Шығарманың көркемдік бітіміндегі бір өзгешелік – оқиғаны бастан-аяқ баяндау тәсіліне құрылмаған. Ол негізгі кейіпкер журналист Жақсылықтың ішкі жан дүниесін ашу, психологиялық сезіміне иірімдерін айқындау мақсатымен монолог формасын қолданған”[8] деп тұжырым жасайды.

Осы шығарманың бір бөлігі – кезінде ақынның «Алтын зерен» атты жинағына енген «Көгілдір дәптер» (1981) поэмасы. Мұнда да оқырман сол бұрынғы таныс кейіпкерлері Жақсылық Асқаров, интернационалист қазақ жігіт, Ералымен және оның сүйгені, араб қызы Лаламен қайта жолығады. Өз заманындағы әдебиеттегі тақырып үшін жаңалық боп саналған осынау ахуал енді басқа бір қырынан көрінеді. Шығармада қаһармандық үрдіс, ерлік ұстанымы басым. Оны тіпті поэмадағы «Жойқынға жорық», «Апатпен айқас» сияқты тарау аттарынан байқау қиын емес.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ақын қаламнан туған өзіндік сипаты бар поэмалардың бірі – “Қыз-хисса” дастаны. Оның сюжеті өмірде болған нақты оқиғаға құрылады. Бас кейіпкері – Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы “Қызыл ту” атты колхоздың комбайншы қызы Жадыра Таспамбетова. Оны ақын өз шығармасында Жадыра Есенова деп алған. Бұл поэманың жазылуына әсер еткен жағдай – аяғын комбайнның бункерінде қалдырып алған Жадыраның өмір үшін шынайы қаһарманға тән ерлікпен арпалысқа түсуі. Ақыры қыз тобығынан төмен ақсақ болып қалғанымен, өз өмірін ажалға бермей, шын мәніндегі ерлік үлесін көрсеткен. Осынау оқиға ақынға қатты әсер етеді де, көңіліне келген толғанысты дереу қалам ұшына түсіріп, үлкен шабыт үстінде отырып осы поэманы жазып шығады.

Ақынның “Құтты қоныс” (1974), “Санаттағы сарбаз”(1975), “Көбік шашқан”, “Алтын зерен”(1981) сияқты жинақтары – оның сарабдал, арқалы ақын екендігінің айқын мысалы. Бұл кітаптарының қай-қайсысында да ақын өзіне тән азаматтық пафосты көркемдікпен айшықтап, жасампаздық рухқа құлаш ұрады. Оның қай туындысынан болса да рухани қайсарлықтың нышаны көрініп тұратынын атап айту қажет.

Х.Ерғалиевтың лирикалық өлеңдерінің тақырыптары, негізінен, бірнеше саланы қамтиды. Атап айтқанда, олар – патриотизм, интернационализм, жалпы адамзаттық мәселелер, табиғат және адамның жеке басының көңіл күйі сияқты поэзия үшін ескірмейтін ауқымды тақырыптар.

 

Бауырым қырғыз!

Күніміз

Бір кезде шықты ұядан;


Поможем в написании учебной работы
Поможем с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой





Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 2230. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2022 год . (0.037 сек.) русская версия | украинская версия
Поможем в написании
> Курсовые, контрольные, дипломные и другие работы со скидкой до 25%
3 569 лучших специалисов, готовы оказать помощь 24/7