Студопедия — Бердібек Соқпақбаев
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Бердібек Соқпақбаев






(1924-1991)

Қазақ балалар жазушысы. 1924 жылы 15-қазанда қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қостөбе ауылында туған. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институттын, кейіннен Москва қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген.

Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Балдырған» журналының редакцияларында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болып істеп жүрді де, одан соң творчестволық жұмыспен айналысты.

Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Жазушы мұнан кейін «Он алты жасар чемпион» (1957), «Алыстағы ауылда» (1953), «Менің атым Қожа» (1957, 1972), «Балалық шаққа саяхат» (1960) қазақтың ғалым-демократы Шоқан Уәлихановтың өмірі туралы жазылған «Дала жұлдызы» (1960), «Аяжан» (1963), «Қайдасың Гауһар» (1966, 1977) повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» (1967, 1974) романы, «Жексен – жеке меншік» сурет кітапшасы (1982) жарық көрді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгіме, повесть, роман кітаптарының жалпы саны 20-дан астам. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді повесть-романдары кезінде КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылған. Кейбір шығармалары сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Франциядағы Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде Б. Соқпақбаевтың сценарийі бойынша түсірілген «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Туындыларын негізінен балалар мен жасөспірімдерге арнап жазған Б.Соқпақбаев әдебиетке келген алғашқы қадамынан бастап-ақ өзінің талантымен оқырман назарына ілікті. Өмір шындығы мен жазушылық суреткерлікті сәтті ұштастыра білген қаламгер шығармаларында негізінен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, одан кейінгі кезеңдегі ауыл өмірінің тіршілік-тынысы және жастардың махабббаты суреттеледі.

Оның творчествосы – өзіндік сырлы бояуы айқын, көркемдігі басым шыншыл творчество. Балаларға арнап жазып, балалар жазушысы атанғанымен, оның әңгіме-повестерін жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқиды. Осының өзі-ақ Б.Соқпақбаевтың қалың оқырманның махаббатына бөленген халықтық жазушы екендігінің дәлелі. Қазақ балаларының арасында Бердібек Соқпақбаевтай кең танылған жазушы сирек. Тіліндегі ойнақылық, езу жиғызбас юмор, кейіпкерінің ұшқыр қиялшылдығы, тапқырлығы мен тентектігі, ең бастысы автордың да, кейіпкердің де адамға деген шексіз махаббаты сияқты факторлар – Б.Соқпақбаев шығармашылығының басты қасиеттері. Қай туындысы болса да, оқушысын үнемі еліктіріп, қашан аяғына жеткенше бас көтертпейді.

Бердібек Соқпақбаевтың жастық шағы қиындыққа толы, қайғы-қасіреттері көп болғанымен, ол творчествалық қадамын бірден сәтті бастаған, жолы болған жазушы деп айтуға болады.

Оның тұңғыш өлеңдер жинағы «Бұлақ» 1950 жылы Оқу құралдар Баспасынан сол кездегі қазақтың майдангер ақыны Әбу Сәрсенбаев директор боп тұрғанда сол кісінің қамқорлығымен жеке кітап боп шыққан еді.

Жазушының мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді. «Алыстағы ауылда», «Он алты жасар чемпион», «Менің атым Қожа» повестерінің әрқайсысы кезінде қазақ балалар әдебиетінің көк жиегін кеңейткен, тақырыптық сонылық, идеялық көркемдік жаңалық әкелген айтулы шығармалар еді. Кеңес әдебиетіндегі жағымды кейіпкер жеңіп, жағымсыз кейіпкер жеңіліп жататын жаттанды схеманы алғаш бұзғандардың бірі – Б.Соқпақбаев болды.

Бір назар аударатын нәрсе – Б.Соқпақбаевтың балаларға арнап жазған шығармаларының өзін ересек оқырмандар да қызыға оқиды. Мысал үшін алғанда, оның «Балалық шаққа саяхат» повесі жас оқырмандарға да арналып жазылғанымен, оның бойынан оқырмандардың барлық санаты таба алатын көркемдік қасиеттер молынан кездеседі. Жазушы балалық шағына ойша саяхат жасай отырып, өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы оқиғаларды әр қырынан алып суреттейді.

Бұл кезең қазақ ауылдарын отырықшыландару, байлардың мал-мүлкін тәркілеу, колхоздастыру және осындай саяси-экономикалық асыра сілтеудің салдарынан орын алған ашаршылық жылдары екендігі белгілі. Кеңес әдебиетінде бұл тақырып сексенініші жылдардың ортасына дейін жабық тақырып ретінде айтылмай келді. Ал соған қарамастан, осы мәселені Б.Соқпақбаев өзінің осы туындысында жекелеген эпизодтар мен штрихтар арқылы сездіріп өтеді.

Жаңа өмір, социализм орнатамыз деген жалаң ұранмен қазақ ауылдарын ашаршылыққа, күйсіздікке ұшырағанын жазушы нақты өмір детальдары арқылы қисынды жеткізген. «Таңертең сабаққа барар кезде шешем маған бір кружка сұйқылтып арпа көже ысытып береді. Күні бойғы қорегім сол ғана. Мектептен қайтқанда аштықтан көзім қарауытып, бұралып, үйге зорға жетемін...

... Бір күні оқудан тағы да ішім-ішіме қабысып, әрең келдім. Ауырып жатқан шешеме өлімсірей қарадым. Шешем үнсіз. Пәлен жерде мен үшін сақталып қойылған бір уыс бидай барын айтпады. Үйде ауызға салар түк қалмағанын бірден білдім.

Бұл – бірінші кездесіп отырған жағдай емес». Бұл – отызыншы жылдардағы ашаршылық жайлаған ауыл адамдарының ауыр тұрмысы. Атақты деген қаламгерлердің өздері бұл тақырыпты аттап өтіп жатқанда, Б.Соқпақбаев тайынбастан өмірдің ащы шындығын сездіріп өтуге тәуекел еткен. Өзі бастан кешкен қатігез өмірдің шындығы арқылы оқушының көз алдына отызыншы жылдардағы қазақ ауылының жанды суреті келетіні сөзсіз.

Жазушының қай шығармасында да бас кейіпкерді былай қойғанда екінші қатарда аталып өтетін жанама кейіпкерлердің өздері оқырман есінде қалатын деңгейде. Оқиғаның дамуына қарай бірі көбірек, бірі азырақ көрінгенімен, әрқайсысы бір көркемдік жүк арқалайды. Сондықтан олардың ішінде басы артық жүргені болмайды. Бір ғана «Балалық шаққа саяхаттың» ішінде жүзге тарта кейіпкер бар екен.

Осы шығармадағы бас кейіпкердің әкесі мен шешесі, ағалары, інісі әрқайсысы өз қалпымен еш боямасыз, әсірелеусіз, өмірде қандай болса, сол күйлерімен кітап бетіне көше салған. «... мен әкеме риза едім... жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдікі тәрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді...»

«Неге екенін қайдам, әкемнің тонында түйме дейтін нәрсе болмайтын. Киеді де, тонның екі өңірін айқастырып, белінен май жағудан қап-қара болған жіңішке қайыс белбеу буынады. Қатты тартып буынған белбеудің әсерінен етегі делдиіп қалады. Әкемнің аласалау жалпақ денесі сол кезде одан бетер аласарып кеткендей болады... дәл арқасына белбеуден өткізіп, балта қыстырады. Үйде ер болмағандықтан әкем қызыл өгізге ыңыршақ ерттейді. Тартпа орнында құр жіп. Үзеңгінің біреуі ағаш, біреуі темір...»

Міне, шымшыма әзілмен айтылған осы жолдардағы кейіпкер портреті тасқа қашалып жазылғандай айқын. Б.Соқпақбаев творчествосының бір артықшылығы да осындай орынды айтылған таусылмас юморында. Жазушы өмір шындығын бала кейікердің көзімен жеткізуге шебер. Тағы да «Балалық шақ повесіне» үңілейік:

«– Енді аз жылда социализм орнайды, – дейді Сағатбай. – Колхозда жақсы-жақсы үйлер салынады, киім, тамақ көп болады. Соцализмнен кейін коммунизм орнайды. Нағыз рахат өмір, міне, сол. Тамақ та, киім де, дүние-мүліктің бәрі де тегін болады.

– Дүкенде сатушы болмай ма?

– Болмайды.

Менің көз алдыма есігі айқара ашық тұрған, сатушы жоқ дүкен елестейді. Жұрт шұбап кіріп жатыр, керек деген нәрселерін құшақ-құшақ алып жатыр. Жоқшылықтан көз ашпай келе жатқан мен байғұсқа коммунизм өте-мөте ұнайды. Орнаса тезірек орнаса екен деп арман етем. Коммунизм орнаған күні дүкенге бірінші боп барар едім. Бастан-аяқ түгел жаңа киімдер алам. Еркімше тойып жеймін. Ешкім алма, жеме демейді. Өйткені –коммунизм».

Бұл тек Бердібектің ғана емес, балалық шағы сол бір дәуірмен тұспа-тұс келген бірнеше буын өкілдерінің де ой-арманы екені сөзсіз. Қаншама ұрпақтың осылайша коммунизм елесімен өмір сүріп, құрғақ сөзге балаша алданып келгенін жазушы бір-ақ детальмен жеткізген..

Б.Соқпақбаев қаламынан туған Қожа, Сұлтан, Жанар, Жантас («Менің атым Қожа»), Еркін, Ғалия («Өлгендер қайтып келмейді»), Бердібек, Сағатбай мұғалім, Жылқыбай, Қадиша («Балалық шаққа саяхат»), Аяжан, Нұрдәулет, Ораз («Аяжан»), Гауһар («Қайдасың, Гауһар») жән басқа да көптеген кейіпкерлер образдарының айқындылығымен есте қалады. Мейлі Қожа, мейлі Еркін, мейлі Жәнібек, мейлі Бердібек болсын, ой-қиялдары өте ұшқыр, өмірге деген құштарлығынан, сенімінен, оптимизмнен айрылмайтын, жолда кездескен қиыншылықтардың бәріне күліп қарайтын қайсар жандар. Олар бастарынан кешкен қандай қысталаң, бұралаң сәттерінде де мойымайды, таяқ жеп, қысастық көріп жүрсе де, налымайды, әділеттілік үшін күресе біледі.

«Өлгендер қайтып келмейді» романының негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы ерлікті көрсетуді де, лапылдаған патриотизмді де, көзге түсер ерен еңбекті де жазу емес. Бар мақсаты: өзі суреттеп отырған дәуірдегі өмір шындығын көріп-білгенін еш қоспасыз, бірауыз жалған сөз кірістірмей әңгімелеу. Ел тұрмысы, тіршілігі, қым-қуат өмір сол бас кейіпкердің қабылдауы арқылы баяндалады.

Кейіпкерлердің осы жүдеу тірлігінің ішінде: қайғы-қасірет те, қуаныш-реніш те, опасыздық пен адалдық та, еңбек те, аш-жалаңаштық та – бәрі сыйып жатыр. Ерлік жасаймын деп қарадай жанталасып жүрген де ешкім жоқ. Барымды майданға жіберіп жатырмын деп көкірегін соққандар да көрінбейді, майданға азаматтарын аттандырған ел барын солардың артынан жіберіп, үлкен демей, кіші демей тіршілік қамында. «Балалардың оқуды тастағанына ең алдымен колхоз қуанады. Бір бала оқу тастаса, колхозға бір жұмыскер қосылғаны. Екі бала тастаса, екі жұмыскер қосылғаны. Бригадир маған екі ат, бір арбаны қуана-қуана берді». Балаң жігіт Еркін көкірегін қағып даурықпай-ақ, осылайша тұрмыстың қысымымен колхоз жұмысына араласады. Онан әрі оның еркінен тыс күрделі өмір қым-қуыт жолдар басталады.

Б.Соқпақбаевтың жас кейіпкерлері – өздеріне маза бермейтін тынымсыз жандар. Өрге де шығады, құлдырап шаңырауға да түседі. Азамат болып, қатарға қосылу олар үшін оңайшылыққа түспейді. «Балалық шаққа саяхаттағы» Бердібектің, «Өлгендер қайтып келмейдідегі» Еркіннің, «Менің атым Қожадағы» Қожаның ылғи жаңсақ басып, небір пәле-жалаға ұшырап жүретіні сондықтан.

Мысалы, ауылындағы дөкір бастықпен айқасамын деп Еркін жүріп қуғынға да ұшырайды. Соның теріс көзқарасының салдарынан ФЗО-ға барып, одан қашамын деп түрмеге де түседі. Аштықты да, жалаңаштықты да, қайыршылықты да көреді. Бірақ сағы сынбайды, тек алға ұмтылады, адам болуды ойлайды, адал болуды, басын кессе де, шыншыл болуды мұрат тұтады. Ер жетіп, институт бітіріп, мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүріп те, шындыққа жете алмай сүрінеді.

«Өлгендер қайтып келмейді» романын жастық шағын соғыс өрті шарпыған, әкесіз, ағасыз өскен ұрпақтың өсіп-жетілунің, саналы азамат санатына қосылуының көркем шежіресі деуге де болады. Алыстағы ауылда туып-өскен қазақтың қара домалақ баласының бір басын тауға да, тасқа да соғып жүріп өткен өмір жолы тағылымды. Жазушы бір кейіпкердің тағдыры арқылы сол кезеңдегі замандастардың типтік бейнесін жасаған. Халқымыздың басынан өткен небір зобалаңдар: қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйеніші, қысы мен жазы, тоқшылығы мен жоқшылығы – бәрі-бәрі қаз-қалпында көз алдымыздан өтеді. Жазушы қаламы сол өмірдің қас-қағым сәтін қалт жібермей, ащысын ащыдай, тәттісін тәттідей дәл береді, «Өлгендер қайтып келмейді» деп күрсіне отырып, оларды өлместей етіп қайта тірілтеді.

Өз заманында қазақ туындыларының ішіндегі ең көп оқылған шығарманың бірі – «Менің атым Қожа» повесі. Повестің жарыққа шыққан бетінде-ақ, ондаған шет тілдерге аударылуы, қазақтың талантты кинорежиссері Абдолла Қарсақбаевтың осы повесть бойынша тамаша көркем фильм түсіріп, ол фильмнің халықаралық Канн кинофестивалінде жүлдеге ие болуы кездейсоқ болмаса керек.

«Менің атым Қожа» повесі оқиғасының қызықтылығымен, жас кейіпкерлерінің образдарының айқын бейнеленуімен тартымды. Әр нәрсеге ұрынып жүретін Қожа айналадағы жұрттың ренішін де, күлкісін де келтіріп отырады. Көңілі таза жас бала өзінің кластас қызы Жанарды жанындай жақсы көреді, бірақ ол сезімін білдіру тәсілдері күлкілі. Бұл қыздың қасында көбінесе бастықтың баласы Жантас жүреді. Қызды өзіне қарата алмаған Қожаның Сұлтан сияқты ерігіп бос жүрген ересек жеткіншекке үйір болуы, сөйтіп жүріп тағы да ұятты жағдайларға ұшырауы бір жағы кейіпкерге деген аяныш сезімін туғызады.

«Он алты жасар чемпион» повесінде алыстағы қазақ ауылындағы спорттың қалай дамығанын Мұрат, Николай Трофимович сияқты кейіпкерлері арқылы көрсетілсе, «Аяжан» повесі кіші жастағы оқырмандарға арналған. Бұл шығармада жазғы демалысқа ауылдағы атасы мен апасының үйіне келген 8 жасар Аяжан деген қыздың басынан кешкендері арқылы жас оқырманды өмірді тани білуге баулиды. Ал «Қайдасың, Гауһар» атты повесінде жазушы керісінше ауылдан қалаға оқу іздеп келген жас жігіттің алғашқы махаббатының қалай сәтсіздікке душар болғанын баян етеді. Бұл шығармада да алдыңғы планға жас адамның жан дүниесіндегі құбылыстар шығады.

Жазушының «Бурыл ат», «Қолғабыс», «Жол», «Мен қалай үйлендім», «Көйлек мәселесі», «Жалғыз биллярдшы» тәрізді тамаша әңгімелерінің көркемдік дәрежелері өте жоғары, қас шеберге қолмен жазылған дүниелер еді. Бұл шығармаларда өз заманындағы өмір шындығы жас кейіпкерлердің көзімен беріліп отырады. Жазушы аз сөзге көп мағына сыйғыза білетін қаламгерлер тобынан. Оның шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – таза ұлттық бедермен жазылуында, кейіпкерлер бойындағы ұлттық мінез-құлық пен дүниетаным үнемі дерлік айқын көрініп отырады.

Бір сөзбен айтқанда, Б.Соқпақбаев көркем сөзбен балалар мен жастардың ішкі әлемін шебер бейнелеп берген талантты жазушыларымыздың бірі.







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 3107. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

ТЕОРЕТИЧЕСКАЯ МЕХАНИКА Статика является частью теоретической механики, изучающей условия, при ко­торых тело находится под действием заданной системы сил...

Теория усилителей. Схема Основная масса современных аналоговых и аналого-цифровых электронных устройств выполняется на специализированных микросхемах...

Логические цифровые микросхемы Более сложные элементы цифровой схемотехники (триггеры, мультиплексоры, декодеры и т.д.) не имеют...

Толкование Конституции Российской Федерации: виды, способы, юридическое значение Толкование права – это специальный вид юридической деятельности по раскрытию смыслового содержания правовых норм, необходимый в процессе как законотворчества, так и реализации права...

Значення творчості Г.Сковороди для розвитку української культури Важливий внесок в історію всієї духовної культури українського народу та її барокової літературно-філософської традиції зробив, зокрема, Григорій Савич Сковорода (1722—1794 pp...

Постинъекционные осложнения, оказать необходимую помощь пациенту I.ОСЛОЖНЕНИЕ: Инфильтрат (уплотнение). II.ПРИЗНАКИ ОСЛОЖНЕНИЯ: Уплотнение...

Тактика действий нарядов полиции по предупреждению и пресечению правонарушений при проведении массовых мероприятий К особенностям проведения массовых мероприятий и факторам, влияющим на охрану общественного порядка и обеспечение общественной безопасности, можно отнести значительное количество субъектов, принимающих участие в их подготовке и проведении...

Тактические действия нарядов полиции по предупреждению и пресечению групповых нарушений общественного порядка и массовых беспорядков В целях предупреждения разрастания групповых нарушений общественного порядка (далееГНОП) в массовые беспорядки подразделения (наряды) полиции осуществляют следующие мероприятия...

Механизм действия гормонов а) Цитозольный механизм действия гормонов. По цитозольному механизму действуют гормоны 1 группы...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.008 сек.) русская версия | украинская версия