Студопедия — Дулат Исабеков
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Дулат Исабеков






(1942 жылы туған)

Қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттің сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет орденінің» иегері.

Дулат Исабеков 1942 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Сайрам ауданы, «Ленин жолы» колхозында дүниеге келген (ол кезде Арыс ауданына қараған). Әкесі Алдабергенов Исабек екінші дүниежүзілік соғыста, Сталинград шайқасында қаза болады. Анасы Күміскүл 1956 жылы ауыр науқастан дүние салған. Сөйтіп болашақ жазушы Набиял, Пәрмен, Бибіқали, Күлайна тәрізді аға-әпкелерінің қамқорлығында қалады. Ол әсіресе жас кезінде осы Күлайна әпкесінің қамқорлығын көп көріп өсті. Жылдар өткен соң ол әпкелеріне деген махаббатын өзінің «Әпке» деген белгілі пьесасында үлкен тебіреніспен жазып шықты. Ол пьеса барлық қазақ театрларында сахналанды. Алматыдағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Павлодар, Қарағанды театрларында 30 жылдан астам уақыт бойы көрсетіліп келеді. Кіші әпкесі Күлайна ертеректе (1974) қайтыс болады да, ол спектакльді көре алмады. Ал, үлкен әпкесі Бибіқали Ж.Шанин атындағы Шымкент драма театрындағы спектакльді көріп, көзінен аққан жасын ұзақ уақыт тоқтата алмаған.

Дулат Исабеков «Ленин жолы» колхозында 1-сыныпты бітірген соң, ағайын-туыстары қазіргі Арыс ауданындағы «Қараспан» колхозына көшіріп әкетеді. Сол жерде ол жетіжылдық мектепті бітіріп, Арыс қаласындағы интернат-пансионда оқуын жалғастырды. Бір жыл өткеннен кейін пансионат жабылып, ол әр үйде бір жатып оқиды. Бұл жағдай баланың оқуына кері әсерін тигізген соң, ағасы Набиял оны Бадам станциясындағы (қазіргі Ордабасы ауданы) нағашы ағасы Сейітқасымның үйіне әкеп орналастырады. Сол жерде ол онжылдық мектепті бітіріп шығады. Мектептен соң ол ағалары тұратын Монтай-Тас ауылында екі жыл монтер боп жұмыс істеп, 1961 жылы Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түседі.

Д.Исабеков көптеген жауапты қызметтер атқарды. 1966-1967 жылдар аралығында Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасында аға редактор, 1971 жылы «Жұлдыз» журналы редакциясында, онан соң «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде репертуарлық-редакциялық коллегиясының бас редакторы, Қазақ телевидениесінің бас директоры, «Жазушы» баспасының және Қазақтың мәдениет және өнертану институтының директоры қызметтерін атқарды. Бүгінгі таңда ол – «Мәдениет» журналының шығарушысы және Бас редакторы.

Дулат Исабеков жазушылықты ерте бастады. 1963 жылы оның «Жолда» атты алғашқы әңгімесі Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгімелер жинағына енеді. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгімесі «Лениншіл жас» газетінің үш номеріне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңінен таныстырып кетті. 1966 жылы, университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезінде оның «Бекет» атты повесть пен әңгімелер жинағы жеке кітап боп шықты. Содан бергі аралықта жазушының ондаған прозалық кітаптары, жиырмаға жуық драмалық шығармалары жазылды. Солардың ішінде оқушы қауымға кеңінен белгілілері – «Гауһар тас», «Дермене», «Пері мен періште», «Тіршілік», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз», т.б. повесть-хикаялары. 1980 жылы жарық көрген «Қарғын» романы студент жастардың зор қызығушылығын тудырды.

Д.Исабековтің «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Ескерткіш», «Социализм зәулімі», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуі», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпірлер», «Шалдар», т.б. көптеген әңгімелері – осы жанрда жазылған туындылардың көрнекті үлгілері.

Қаламгердің көптеген повесть-әңгімелері образдарының айқындылығымен, көркемдік ұстанымның тосындығымен өзгешеленіп тұрады. Оның әр шығармасының оқырманға ұсынылуы өз кезінде белгілі бір мөлшерде әдеби оқиғаға айналып отырды десек, ешқандай да артық айтқандық емес. Алғашқы шығармаларының бірі «Бекет» повесінен бері қарайғы уақыт ішінде «Кеш туған жұлдыз», «Гауһар тас», «Өкпек жолаушы», «Пері мен періште», «Сүйекші», «Мазасыз күндер», «Тыныштық күзетшісі», «Дәрмене» повестері арқылы жазушы өзінің көркемдік позициясын мейлінше айқындай түскен. Бұл шығармалардың кейіпкерлері – қазақи ортада өскен қарапайым жандар. Өздерінің күнделікті тіршіліктерінде кездесіп қалған ірілі-уақты проблемаларды шешу барысында олардың жан дүниелері мен мінез-құлықтары біртіндеп ашылады. Қарапайым оқиғаға құрылған тартыстың астарынан типтік әлеуметтік мәселелер бой көрсетеді.

«Тыныштық күзетшісі» шығармасының кейіпкері Демесін – жарты көңіл, жарымжан адам. Бала кезінде бандылар әке-шешесін көзінше атқан. Сол оқиға баланың жүрегіне жара болған, басына зақым тиген. Кейбір адамдар оны күлкі қылып, кемсітеді. Оған тек жаны ашитын жалғыз адам – колхоз бастығы Ормантай.

Демесінді әумесер етіп көрсету арқылы жазушы қорғансыз адамдар тағдырына тағы бір қырынан келеді. Демесін түрлі оқиғаның ортасында жүреді. Оны көрген жұрттың бәрі қашады, бірақ ол сияқты ойлауға өрелері жетпей жатады.

Повестегі қажырлы, қайратты әйелдің бірі – Ардақ. Күйеуінен қаза тапқаны туралы қара қағаз келсе де, оны ешкімге сездірмейді. Егер темірдей тәртіп иесі Ардақ жыласа, өзгелер бордай езіліп, күйрейтіні анық. Қайғы-қасіретке төзіп, ішіне сақтай білген Ардақ – рухы күшті жандардың қатарынан табылады. Жазушы ұлттық характерді таныту үшін осындай кішкене адамдардың көптеген бейнесін жасады.

Оның повесть-әңгімелеріндегі образдардың бояулары оқырман есінде қалатындай қашанда қанық болып келеді. Мәселен, «Гауһар тас» повесіндегі Салтанат, «Мазасыз күндердегі» Мәрия, «Сүйекшідегі» Тұңғыш, «Дәременедегі» Омаш пен Тоқсанбай, «Пері мен періштедегі» Сафура мен Құлахмет және тағы басқалары өзіндік мінез-құлықтарымен, жеке адамдық белгілерімен есте қалады. Олардың жан дүниесіндегі тосын құбылыстарды автор логикалық дәлелмен тиянақтап отыруға шебер. Жазушы кейіпкерлерінің көпшілігі сол жеке мәселелерін шешу барысында қазақ ортасына тән типтік түсініктерге сай әрекет ететіндігін байқатады. Бұдан шығатын қорытынды – Д.Исабеков шығармаларында қазақтың ұлттық характерлері молынан бой көрсетіп жатады.

Жазушының көлемді туындыларының бірі – «Қарғын» романы. Мұнда ересек адам мен жас қыздың арасындағы қарым-қатынас лирикалық-философиялық сипатта бой көрсетеді. Д.Исабековтың «Қарғын» романында айта қаларлықтай қоғамдық мәні бар оқиғалар немесе кейіпкерлер арасындағы дәстүрлі шиеленістер көп кездесе қоймайды. Бас кейіпкері – Жасын жазушы жігіт. Ол ауылдан жоғары оқу орнына жаңадан келіп түсіп жатқан жас қыз Бағиламен кездесіп қалады да, екеуі бір бірімен жақындаса бастайды. Екеуі екі түрлі деңгейдегі әрі жас аралары алшақ адамдар болғанымен, бір бірін көп жағыдайда түсініп, өзара шым-шымдап басталған сезімі махабатқа ұласады. Бірақ ол махаббат аяғына дейін жетпей, үзіліп қалғандай болады. Өзінен гөрі ересек адамған Бағиланың махаббат сезімінің оянуын және жас қыздың қиындыққа толы ғашықтығын жазушы психологиялық аспектіде беріп отырады.

Өмірде онша жиі ұшыраса қоймайтын ситуациялар арқылы жазушы типтік образдар жасағысы келген. Бағила көкөрім жас болғанымен, ой дүниесі, дүние танымында кекселік бардай көрінеді. Шығармада осы екеуінен өзге кейіпкерлер саны да онша көп емес. Романның сюжеті толық аяқталмаған десе де болғандай. Реалистік өмір талаптары мен көркемдік шарттары тұрғысынан алғанда жазушының бұл романы повестерінен асып түсіп жатыр деп тұжырымдауға болмайды. Мысалы, «Гауһар тас» повесінде адам рухының әсемдігі мен күштілігі тартымды оқиға үстінде суреттелген. «Дәрменедегі» Тоқсанбай шал момындығының салдарынан зорлықшы Омаштан теперіш көрсе де, рухани жағынан мойымайтын көнбіс жан. «Тіршілікте» әлеуметтік мәселелердің өмірдің қатаң шындығы арқылы суреттелетіндігін сыншылар әр кезде айтып жүр. Осындағы Киеван шал мен кемпірі Қыжымкүл образдары қазақ прозасын келіп қосылған тың бейнелер десек те болады.

Д.Исабеков қазіргі қазақ әңгімелерінің көркемдік тұрғыдан өсуіне де үлес қосып келеді. Оған дәлел – өмірдің тосын құбылыстарынан типтік мінез-құлық тауып алатын шығармалары.

Драма жанрында жиырмаға жуық шығармасы бар. Олардың бәрі де қазақ театрларының сахналарында қойылды. «Ректордың қабылдау күндері», «Әпке», «Ертеңді күту», «Мұрагерлер», «Кішкентай ауыл», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жібек», «Әнші құстар фестивалі», «Мұңлық-Зарлық» атты пьесалары республика театрларының сахналарынан түспей келе жатыр. «Ертеңді күту», «Ректордың қабылдау күндері», «Тор» атты пьесалары Қазақстандағы орыс театрларында (Ақтөбе, Өскемен) сахналанды. Қаламгердің «Тор» пьесасы жайлы сыншы Виктор Бадиков былай деді: «Тор» – Қазақстан театрларының жүріп жатқан пьесалардың көрнектісі десек, артық айтқанымыз емес. Бұл – әлемдік деңгейге көтерілетін пьеса. Исабеков – ешкімнің қолтаңбасын қайталамайтын, тың тақырыпқа қалам тартатын талғампаз драматург. Драмада басы артық қимыл, көпірген көп сөз кездеспейді. Дулат жазған Булгаков орыс драматургтерінің Булгаковынан асып түспесе, кем түспейді».

«Тор» пьесасының сюжеттік желісі билік, шығармашылық, қызғаныш, махаббат сияқты бірін-бірі толықтырып тұрған төрт бағытта дамиды. Төрт тағанның арасында қара тері шығып, бірде қуанышқа, бірде мұңға батып Булгаков жүр. Атақты қаламгердің бақыты, қуанышы, қайғысы, адал махаббаты, тағдыры, қастандықтың тырнағына ілінуі – бәрі-бәрі өте нәзік те тартымды көрсетілген. Драматург жалғыз Булгаковтың тағдыры арқылы – сол дәуірдегі Ресей қаламгерлерінің ғана емес, жалпы КСРО әдебиетшілерінің қиын өмірін бейнелеп береді. «Тор» пьесасы 2006 жылы Санкт-Петербургтің Владимир Малышицкий театрында «Сети дьявола» деген атпен сахналанды. Ал, «Ескі үйдегі екі кездесу», «Транзитный пассажир» деген атпен 2008 жылы Ресейдің Омбы қаласындағы атақты «Бесінші театр» деп аталатын мемлекеттік драма театрында қойылды. «Мұрагерлер» пьесасы Башқұртстанның Стерлитамак қаласында сахналанды (1992). «Ректордың қабылдау күндері» тәжік сахнасында ұзақ жылдар бойы көрсетіліп келді.

Д.Исабековтың шығармалары бойынша бірнеше көркем фильмдер түсірілген. Атап айтқанда, олар «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет», «Тіршілік» повестері (1998) негізінде экранға шыққан.

Ол қоғам өміріне белсене араласып, жүзден астам өзекті мәселелерді қозғаған мақала, эсселер жазды.

Ал, жазушының 60-жылдық мерейтойына орай Шымкентте Д.Исабеков пьесалары бойынша өткен халықаралық фестиваль театр өміріндегі елеулі оқиға болды.

Жазушының «Екі жиырма» атты таңдаулы (1982), екі томдық таңдамалы шығармалары (1992), бес томдық таңдамалы повестер мен әңгімелер және драмалық шығармалары жарық көрді (2003). Бұл аталған туындылардың басым көпшілігі Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «Отчий дом» (1979), «Новоселье в старом доме» (1986), «Русская книга» баспасынан «Транзитный пассажир» (2003) деген аттармен кітап болып басылып шыққан. Жекелеген повестері мен әңгімелері неміс, чех, венгр, болгар, қытай, түрік тілдерінде басылған. Д.Исабеков шығармалары бұрынғы одақтас республикалардың бәрінде де жарияланды.

Оның «Ай-Петри ақиқаты» атты повестер мен әңгімелер жинағына 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік сыйлығы берілді. Д.Исабеков «Құрмет» орденімен және «Астана» медалімен марапатталған. Ол Қазақ ПЕН-клубының және платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты.

Бір сөзбен айтқанда, Д.Исабеков – қазақ прозасы мен драматургиясында жеке шығармашылық орын бар талантты қаламгерлеріміздің бірі.

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 4282. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Вычисление основной дактилоскопической формулы Вычислением основной дактоформулы обычно занимается следователь. Для этого все десять пальцев разбиваются на пять пар...

Расчетные и графические задания Равновесный объем - это объем, определяемый равенством спроса и предложения...

Кардиналистский и ординалистский подходы Кардиналистский (количественный подход) к анализу полезности основан на представлении о возможности измерения различных благ в условных единицах полезности...

Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

БИОХИМИЯ ТКАНЕЙ ЗУБА В составе зуба выделяют минерализованные и неминерализованные ткани...

Типология суицида. Феномен суицида (самоубийство или попытка самоубийства) чаще всего связывается с представлением о психологическом кризисе личности...

ОСНОВНЫЕ ТИПЫ МОЗГА ПОЗВОНОЧНЫХ Ихтиопсидный тип мозга характерен для низших позвоночных - рыб и амфибий...

Машины и механизмы для нарезки овощей В зависимости от назначения овощерезательные машины подразделяются на две группы: машины для нарезки сырых и вареных овощей...

Классификация и основные элементы конструкций теплового оборудования Многообразие способов тепловой обработки продуктов предопределяет широкую номенклатуру тепловых аппаратов...

Именные части речи, их общие и отличительные признаки Именные части речи в русском языке — это имя существительное, имя прилагательное, имя числительное, местоимение...

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.009 сек.) русская версия | украинская версия