ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі. 2. Омыртқасыз жануарлардың қозғалуы.
Жоспар: 1. Қозғалу және оның маңызы 2. Омыртқасыз жануарлардың қозғалуы. Қозғалу және оның маңызы. Ағза үздіксіз қозғалыста тіршілік етеді. Қимыл-қозғалыстың түрі өте көп. Тіпті ұйқыда жатқан жануарды мұқият қарап, бақыласаңдар, денесінің алуан түрлі қимылдап-қозғалып жататынын байқайсыңдар. Жануар ағзасындағы көптеген қимыл-қозғалыстар мен (тынысалу, қанайналымы, астың қорытылуы, т. с. с.) таныстыңдар. Жануарлар бүкіл денесімен иіліп, бүгіліп немесе адымдап, жүгіріп орын алмастырып қозғалады. Жануарлар мұндай қозғалыс арқылы өз тіршілігіне қауіпті жағдайлардан қорғанады (амебаның тұз ери бастаған тамшыдан тұзы жоқ тамшыға өтуін еске түсіріңдер). Ол тіршілігіне қажетті жағдайларды іздеп табады (кірпікшелі кебісшенің пішен бактериялары көп жиналған жерге «жүзіп» баруы). Күнделікті өмірімізде жануарлар қозғалуының қаншама түрін көреміз: ұшқан құс, аулада секеңдеп дән, қоңыз теріп жеген торғайлар. Тіршілік қамымен ерсілі-қарсылы қозғалып, соқпақ «салып алған» құмырсқалар. Тізе берсек мұндай мысалдар көп. Қозғалыс – жануарлар тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды әрекет. Омыртқасыз жануарлардың қозғалуы. Гидра бір затқа табанымен бекиді. Оның қозғалуында сыртқы қабаты – эктодермадағы жабын-бұлшықет жасушалары маңызды рөл атқарады. Бұл жасушалардың әрқайсысының түбінде жиырылғыш бұлшықетті талшық бар. Барлық жасушалардың осы талшықтары қысқарғанда гидраның денесі жиырылады. Егер дененің бір жағындағы талшықтар жиырылса, онда гидра денесі сол бағытқа қарай иіледі де, қармалауыштарымен төсемікке (субстрат) бекінеді. Тек осыдан соң ғана табанын алғашқы бекіп тұрған жерден босатып, бекінген алдыңғы жағына денесін тартып алады. Табанымен бекінгеннен кейін денесі бас жағынан бастап тағы созылады. Сонымен гидра «адымдап» қозғалады. Гидра бірде табанымен, бірде қармалауыштарымен кезек бекініп «төңкеріліп» те қозғалады. Бұл қозғалыстардың қай түрі болсын жабын ұлпалардағы талшықты жасушалар арқылы жүзеге асады. Шұбалшаңның; денесі ұзарып жіңішкереді, қысқарып жуандай да алады. Құрттың үнемі сілемейлі шырышпен шыланып, ылғалданып тұратын жұқа мөлдір терісінің астында тері, жанасып жататын сақиналы бұлшықеттер және оның ішкі жағында денені бойлап ұзын салалы бұлшықеттер орналасады. Әрбір буылтығының құрсақ жағында төрт жұптан қысқа қылтандары бар. Сақиналы бұлшықеттер жиырылғанда құрт денесі жіңішкереді. Дененің артқы бөлігіндегі қылтандары жерге тіреліп, алдыңғы бөлігі алға қарай жылжып, ұзарады. Одан соң ұзын салалы бұлшықеттер жиырылады. Бұл кезде дененің алдыңғы бөлігіндегі қылтандары жерге тіреледі де, артқы бөлігі алға тартылып, дене қысқарады. Сөйтіп, сақиналы және ұзын салалы бұлшықеттердің кезектесіп жиырылуы мен дененің артқы және алдыңғы бөлігіндегі қылтандарының алма-кезек тірек болуы құрттың алға жылжып қозғалуын қамтамасыз етеді. Шұбалшаңдар топырақты бас бөлігімен қазып, тіршілік етеді. Тығыз топырақты «аузымен асап», ішегінен өткізіп, аналь тесігі арқылы шығарып отырады. Бұдан борпылдақ топырақтар майда түйіршікке айналып, ауа мен суды сіңіреді. Топырақ құрылымы жақсарады. Мұндай топырақта өсімдіктер жақсы өседі. Жүзім ұлуы, бөгет ұлуы, айқұлақ сияқты былқылдақденелілер тері бұлшықет қапшығын түзетін жұмсақ денесімен, «аяқ» деп аталатын құрсақ бөлімінің толқынданып жиырылуы, созылуы арқылы баяу жылжып қозғалады. Дене сыртын шылайтын шырыш ұлудың аяғы мен төсемік (ағаш жапырағы, су түбіндегі тас, су өсімдіктері және т. с. с.) арасындағы үйкелісті жеңілдетіп, қозғалуға мүмкіндік береді. Кальмар, сегізаяқ, каракатица сияқты теңізде тіршілік ететін былқылдақденелілер реактивті тәсілмен қозғалады (98-сурет). Шапанша саңылауы арқылы шапанша қуысына су толады да, одан соң «аяқтың» алдыңғы бөлігінен пайда болған шұқырақ (воронка) арқылы сыртқа үлкен күшпен айдап шығарылады. Осы су ағыны денені алға қарай серпінді итеріп, екпінмен жылдам қозғалтады. Өзен шаянының; денесі екі бөлімнен баскөкірек және құрсақтан тұрады. Баскөкірек бөлімінде (98-сурет) сипап сезу, иіс сезу қызметін атқаратын бірі қысқа, екіншісі ұзын екі жұп мұртшалары бар. Одан соң 1 жұбы үстіңгі жақ, 2 жұбы астыңғы жақ, 3 жұбы жақаяқтар деп аталатын түрі өзгерген аяқтардан тұратын ауыз аппараты және 5 жұп жүретін аяқтар орналасқан. Жүретін аяқтардың бірінші жұбы жемін ұстайтын және жауынан қорғанатын қысқышқа айналған. Су түбінде шаян осы жүретін аяқтардың көмегімен басын алға қаратып баяу жылжып қозғалады. Өзен шаянының құрсақ бөлімінде жүзуге қатынасатын және түрлі басқа қызмет атқаратын 5 жұп кішкентай құрсақ аяқтары бар. Құрсақ бөлімі бунақты және жақсы дамыған құрсақ ұшында құрсақ аяқтарының алтыншы жұбы соңғы бунақпен бірігіп жүзу қанатын түзеді. Шаян суда құрсағын алға қаратып, оны баскөкіректің астына қарай бүгіп, қайта жазады. Жүзбеқанатының көмегімен суды қарпып, едәуір жылдам жүзеді. Суды қарпып, дененің су толқынын «іліп» ілгері жүзуіне болар-болмас қылтандары бар құрсақ аяқтары да көмектеседі. Өрмекшілердің; 4 жұп, бунақденелілердің;3 жұп аяқтары бар. Аяқтары көкірек бөлімінде орналасады. Олар жорғалап жүру, біреуінде жүгіру, енді біреуінде жүзу, тағы бірінде секіру, тіпті топырақ қазу қызметін де атқарады. Сонымен қатар өрмекшілердің орын алмастырып қозғалуына, қорегін ұстап алуына құрсағының ұшындағы үш жұп өрмек бездерінен бөлінетін сұйықтық арқылы тоқылатын өрмек те көмектеседі. Көп жағдайда жас өрмекші биіктеу бұта не ағашқа жорғалап шығып, өрмек безінен «жіп» шығарады да, оның ұшын ағаштың бір жеріне бекітеді. Өзі сол өрмек жібімен төмен салбырап тұрады. Сәл жел соққанда өрмек үзіліп шудаланады, желге ілесіп ұшады. Өрмекші осы өрмек шудасының көмегімен едәуір алыс жерлерге таралады. Бунақденелілердің;көптеген түрлерінде (көбелектер, қоңыздар, инеліктер) 2 жұп қанат бар. Бұл қанаттар арқылы олар ұшып қозғалады.
|