Тақырып №4: Іш жарықтары
Мақсаты: Студенттерде жарықтың этиологиясы, патогенезі, клиникалық көрінісі, диагностикасы және емдеу тәсілдері жөнінде білімдерін қалыптастыру. Дәріс жоспары: 1. «Іштің сыртқы жарықтары» анықтама түсінігі 2. Жарықтың этиологиясы мен патогенезі 3. Жарықтардың жіктелуі 4. Сыртқы жарық құрамалары 5. Асқынбаған жарықтың клиникалық көрінісі 6. Сыртқы жарықтардың жеке түрлері 7. Жарықтың асқынулары. 8. Жарықтың емдеу принцптері. Жарық (herniae) көне заманнан белгілі сырқат. Жарық құрамалары. Әрбір жарықтың құрылысында аурудың жеке өзіне тән және әрбір жарықта міндетті түрде табылатын бірнеше құрамалалар болады. Егер олар жарық құрамында толық болмаса ондай құбылысты жарық деп атауға болмайды. Өйткені ішкі ағзалар (немесе олардың бөліктері) басқа жағдайларда да өзінің тұрақты орналасатын орнынан жылжып, жарық сияқты тері астына (эвентрация) немесе сыртқы ортаға шығуы (пролапс, prolaps) мүмкін. Жарық қақпасы (ЖҚ) деп іштің алдыңғы қабырғасындағы жарық шығатын осал (әлсіз) жерлерді айтады. ЖҚ әрбір адамның дене құрылысында табиғи жаратылысының ерекшеліктерімен байланысты осал, әлсіз жерлерде (мыс. шап өзегінің, яғни каналының сыртқы сақинасы, кіндік тесігі, іш қабырғасының ақ сызығы, Пти үшбұрышы т.с.с.) немесе іш қуысын ашумен байланысты хирургиялық операциялардан соң және әртүрлі жарақаттардан, сырқаттардан кейін әлсізденген аймақтарда орналасады. ЖҚ көлемі жағынан әртүрлі болып келеді. Кейбір ЖҚ (мыс. кіндік тесігі, шап өзегінің сыртқы сақинасы т.б.) саусақ ұшы немесе толық саусақ енетіндей ғана көлемде болса, келесі біреуі (әсіресе операциядан соң пайда болатын жарықта) өте үлкен, ересек адамның жұдырығы кіретіндей, тіпті одан да басым көлемді болуы мүмкін. ЖҚ-ның көлемі, көптеген жағдайда, ауру пайда болу мерзімімен байланысты. Аурудың бастапқы кезеңінде ол кіші көлемді болса, уақыт өткен сайын ұлғая береді. Жарық қабы –ішастардың париеталдық жапырақшасынан құралады. Ол жарық қақпасы арқылы тері асты қабатына томпайып шығып, біртіндеп ұлғаяды. Жарық қабының сыртқы пішіні, көбінесе, алмұртқа ұқсас болып келеді. Оның түп, дене, мойын және саға (устье) бөліктерін ажыратады. Жарық қабы, көбінесе, жалғыз камерадан тұрады (бір камералық жарық қабы), ал үлкен көлемді (вентральді) жарықтарда оның бірнеше бөліктері болуы мүмкін (көп камералы жарық қабы). Жарық қабы ішіндегі заттар деп іш қуысынан жарық қабына шығып, сонда орналасатын ағзаларды немесе олардың бөліктерін айтады. Жарық қабына іш қуысында орналасқан кез келген ағза немесе олардың жеке бір бөліктері шығуы мүмкін. Дегенмен, көбінесе, іш қуысындағы жылжымалдылығы жоғары дәрежелі ағзалар (мыс. ащы ішек ілмектері, ішмай) шығады. Кейбір жағдайларда тері асты қабатына жарық қабымен бірге, ішастардың висцеральдық жапырақшасымен толық жабылмайтын ағзалар (мыс. тоқ ішектің жоғары бағытталған бөлігі, несіп қуығы) сырғып шығады. Бұндай жарықты “сырғымалы” жарық деп атайды (6-шы сурет). “Сырғымалы” жарықта жарықпен бірге сырғып шығатын ағзаның ішастармен жабылмаған бөлігі жарық қабы қабырғасының бір жағын құрайды. Күнделікті тәжірибелік хирургияда бұндай жарықтың болу мүмкіншілігін тұрақты есте ұстау керек, өйткені операция үстінде жарық қабының орнына, байқамай, ағзаның сол, жарық қабы қабырғасының бір жағын құрайтын жерін ашу, яғни ағза қабырғасының бүтіндігін бұзу қауіптілігі бар. Бұндай жағдай, әрине, операциядан соң әртүрлі аса қауіпті асқынулардың пайда болуына жол ашады. Мысалы мен жас хирургтің жарық ауруына операция жасау үстінде несіп қуығын жарақаттап, соның салдарынан операциядан соңғы кезеңде айнала тіндерге зәр жайылу себебінен сепсис пайда болып, пациенттің қаза болу жағдайына куә болғанмын. Әрине бұндай жағдай, қуанышқа орай, өте сирек кездеседі, дегенмен аталған мысал “сырғымалы” жарықтың қауіптілігін өте көркем бейнелейді. Жарық қабында бір ағза (немесе оның бөлігі) ғана орналасқан жарықты жәй (қарапайым), ал онда бірнеше ағзалар немесе олардың бөліктері (мыс. ащы ішек ілмектері мен іш майы немесе іш май мен соқыр ішек т.с.с.) анықталса, ондай жарықты күрделі жарық деп атайды. Егер жарық қабына ащы немесе тоқ ішек бөліктері шыққан жағдайда олардың әкелгіш және әкеткіш ілмектерін ажыратады. Ілмектерді аталмыш бөліктерге бөлу жарықтың қысылу асқынуын емдеу барысында ішекті резекциялау қажеттілігі туған жағдайлардағы маңызы ерекше. Ол туралы деректер жарықтың асқынуларына арналған тарауда толығырақ баяндалады. Жарық қабының сыртындағы қабат (жарық қабының қабықтары ). Жарық қабының сыртында, оны қоршалай орналасатын қабаттары болады. Олар, негізінде, нәзік дәнекер тіндерден, майлы клетчаткадан, ұсақ қан тамырлары мен нерв талшықтарынан құралады. Ер адамдарда аталмыш қабат құрамында ұрықтық түтік (шәуһет бауы) өтеді. Бұл жағдай операция үстінде ескерілуі қажет, өйткені жарық қабын оны қоршаған қабықтардан өткір жолмен (скальпель, қайшы) ажырату барысында аталмыш түтіктің механикалық жарақатқа ұшырау қауіпі бар.
|