Биологиялық прогресстің даму жолдары.
(осн. инфо.: Билет 16/2) Академиктер Алексей Николаевич Северцов пен Иван Иванович Щмальгаузен эволюцияның биологиялық прогреске әкелетін 3 бағытын анықтады: 1. Ароморфоз (морфофизиологиялық прогресс немесе арогенез). 2. Идиоадаптация (аллогенез). 3. Дегенерация (катагенез). Ароморфоз (грекше "аіrо" — көтеру, "тоrрһа" — пішіні), оны кейде арогенез деп те атайды. Бұл кезде организмдердің құрылысында күрделі өзгерістер байқалады. Арогенез кезінде — даралардың құрылым деңгейі күрделеніп тіршілік етуге бейімділігі арта түседі. Ароморфоз — тұқым қуалайтын өзгергіштік пен табиғи сұрыпталудың негізінде қалыптасады. Ароморфоз — эволюция барысында ұзақ уакыт сақталып макроэволюцияда жаңа ірі жүйелік топтардың (тип, класс, отряд) пайда болуына әсерін тигізеді. Ароморфоз биологиялық прогреске жетудің негізгі жолы болып саналады. Идиоадаптация (грекше "idios" — ерекшелігі, латынша "adaptatio" — бейімделушілік). Идиоадаптация (аллогенез) — биологиялық құрылым деңгейін күрделендірмей өзгертпей тіршілік үшін күресте организмдердің өзіне пайдалы белгілі бір орта жағдайына бейімделушілігі. Әрбір түр белгілі бір ортада тіршілік ететіндіктен дәл осы ортаға тән пайдалы бейімделушілік калыптасады. Мұндай бейімделушілік кезінде организмдердің жалпы құрылыс деңгейлері күрделенбей-ақ прогрессивті дамуына мүмкіндік туады. Дегенерация (катагенез; грекше "kata" — қарапайымдану, кері кету,) эволюциялық дамуында қарапайымдала түсу деген ұғымды білдіреді. Оны дегенерация немесе морфофизиологиялық регресс деп те атайды. Эволюциядағы қарапайымдану жалпы регресс және жеке регресс деп бөлінеді. Жалпы регресс — организмнің барлық құрылымының қарапайымдануынан, ал жеке регресс жеке мүшелерін жоғалтуынан айқын байқалады. Бұл кезде организмдердің тіршілік ету ортасына пайдасыз мүшелері регреске ұшырап жойылады, оның орнына бейімделу ыңғайына қарай жаңа мүшелер пайда болады. Дегенерация (катагенез) кезінде организмдердің жалпы құрылым деңгейі қарапайымдала келе орта жағдайына бейімделеді. Катагенез (морфофизиологиялық регресс:) паразитті тіршілік етуге көшкен организмдерде, бір орынға бекініп тіршілік ететін жануарларда, жер астында және үңгірлерде тіршілік ететін жануарлардың жеке мүшелерінен айқын байқалады.
|