Салық тексеруін жүргізудің мерзімдері
1. Берілетін нұсқамаларда көрсетілетін салық тексерулерін жүргізудің мерзімі, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, нұсқама тапсырылған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. 2. Құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлғаға салық тексеруін жүргізген кезде салық тексеруін жүргізудің мерзімін салық органы алпыс жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін. 3. Ерекше күрделі мәселелерді тексеру кезінде салық тексеруін жүргізудің мерзімін салық қызметінің жоғары тұрған органы құрылымдық бөлімшесі жоқ заңды тұлға үшін елу жұмыс күніне дейін, құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлға үшін сексен жұмыс күніне дейін арттыруы мүмкін. Ерекше күрделі меселелер салық қызметінің жоғары тұрған органының салық төлеушіге тапсыратын негізделген жазбаша шешімімен расталады. 4. Салық тексеруін жүргізу мерзімі құжаттарды тапсыру туралы салық органының талаптарын салық төлеушіге беру кезі мен салық тексеруін жүргізу кезінде сұралатын құжаттарды салық төлеушінің табыс ету аралығындағы уақыт кезеңінде, сондай-ақ салық органының мәліметтер мен құжаттарды сұратып алу кезінде тоқтатыла тұрады. Салықтық тексеру мерзімінің ішінде халықаралық келісімдерге сәйкес шет мемлекеттерге салық қызметі органдарының ақпарат беру және ол бойынша мәліметтер алу туралы сұрау салған кездерінің арасындағы уақыт кезеңінде де тоқтатыла тұрады. 5. Хронометраждық зерттеулер жүргізудің мерзімі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен хронометраждық зерттеулер жүргізу тәртібіне сәйкес белгіленеді.
|