Малайзиядағы этникааралық жағдай. 1969 ж. қауымдар арасындағы дағдарыс.
Кесте. Малайзия халқының ұлттық құрамы
* - негізінен, еуразиялықтар, еуропалықтар, австралиялықтар, жаңазеландиялықтар, американдықтар, арабтар. Тәуелсіздік алғаннан кейін, малай және қытай буржуазияларының арасындағы сандық және сапалық алшақтықтар өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселеге айналды. Өкіметтің протекционистік саясатына, сондай-ақ, ұлттық малай капиталының дамуын ынталандырған арнайы ұйымдардың құрылғанына қарамастан, қытайлық капитал басымдық жағдайын сақтап қалды. Қала халқының көп бөлігін қытайлықтар, ал ауыл халқының басым бөлігін малайлықтар құрады (2-кесте). Малайлықтар, негізінен, ауыл шаруашылығында еңбек етті. Ал, өнеркәсіпте, әсіресе, сауда саласында көбінесе малай емес этнос өкілдері жұмыс істеді. Бірақ, малайлық қызметкерлер қытайлық қызметкерлерге қарағанда көбірек болды. Қазақстанда да осыған өте ұқсас жағдай орын алды. КСРО ыдырағаннан кейін, қазақтардың тек 25 %-ы ғана қалаларда тұрды.
Кесте. Қала және ауыл халықтарының ұлт бойынша жіктелуі, 1970 ж.
Кесте. Салалар бойынша Малайя этностарының үлесі, 1970 ж.
Табыстар деңгейіндегі айырмашылықтар малай халқының кедей өмір сүргендігін көрсетеді (4-кесте). Жеке өнеркәсіптік сектор активтерінің 94,5 %-ы қытайлық кәсіпкерлерге және тек 2,3 %-ы малайлық кәсіпкерлерге тиесілі болды. 1970 ж. қарай жауапкершілігі шектеулі компанияларда қытайлық капитал шетелдік капиталдан кейінгі 2-орынды иеленді. Қытайлық капитал каучук өндірісінде, тау-кен және өңдеуші өнеркәсіптерде, құрылыста, банк және сақтандыру ісінде малайлық капиталдан анағұрлым асып түсті.
Кесте. Малайзиядағы негізгі этникалық топтардың орташа айлық отбасылық табыстары
XIX ғасырдан бастап Малайя аумағына қытайлар жаппай көшіп келе бастады. Бастапқыда қытайлардың көпшілігі бұл орынды уақытша тұрақ ретінде қарастырды. Бірақ, XX ғасырдың басында қытайлар тек ағылшындардан кейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан зор мәнге ие болды. Алғашқы уақытта қытайлар бөлек тұрды. Малайзиялық үндістердің көпшілігі Малайяға Британия үстемдік етіп тұрған кезде көшіп келген Оңтүстік Үндістан иммигранттарының ұрпақтары болып табылады. 1963 ж. құрамына Сингапур, Сабах және Саравак кірген Малайзия тәуелсіз мемлекеті құрылды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары малайлықтар арасында қытайлардың экономикалық салаға ары қарай үстемдік жүргізіп отырғанына қарсы наразылық өсе түсті. Малайлықтар елдің ұлттық байлығының өте азғантай бөлігін иеленді. Олар бұрынғысынша, негізінен, фермерлер, ұсақ каучук плантацияларының иелері болып қала берді. Сонымен қатар, олар елдің іскерлік өміріне мүлдем араласпады. Ұлттық байлықтың басым бөлігі әлі де шетелдіктердің, соның ішінде, негізінен, ағылшындардың қолында болды. Десе де, бизнес саласындағы қытайлардың басымдық жағдайы одан әрмен күшейе түсті: барлық бөлшек сауда, тауарларды тарату және жеткізумен айналысқан көлік фирмалары мен компаниялары қытайларға тиесілі болды. Қытайлық компаниялар қытайлық отбасылардың меншіктерінде болды. Оларда тек қытайлар ғана жұмыс істеді. Қала халқының көп бөлігін қытайлар құрағандықтан, барлық маңдайша жазулар үлкен қытай иероглифтерімен жазылды. Малайлықтар олардың өнеркәсіп пен бизнестің дамуына қатысуын кеңейту арқылы елдің ұлттық байлығындағы үлестерін арттыру туралы талаптар қоя бастады. Сонымен, елде қытайлықтарға қарсы наразылық күшейе түсті, ұлттық тіл, қытай мектептерінің мәртебесі және ағылшын мектептерінің одан әрі үстемдік ету мәселелері жиі көтерілді, азғана малайлық науқандардың сәтсіздіктерге ұшырауы талқылана бастады. Үкімет бұл нәсілшіл, арандатушылық үгіт-насихат жұмыстарын ауыздықтау үшін ештеңе істемеді. Тұрмыстық деңгейде малайлықтар мен қытайлықтар арасындағы қарым-қатынастар одан әрі шиеленісе түсті.
|