Студопедия — Махаббат
Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Махаббат






Түске салым ғой деймін, малдың жем-шөбімен айналысып жүрген Әлім мен Берікболдың жанына жүгіріп келген Ермек:

– Әке, үйге тәтем келді! Махаббат тәтем келді! Жүр, үйге барамыз! – деп, әкесінің қолынан тартқылай бастады. Баласының сөзіне қуанып қалған Әлекең:

- О, қызым келген екен ғой! Онда түскі шайға үйге кірелік. Жүр, Бекен, оқудағы балам келіпті! Амандығын біле отырып, тамақтанып шығалық, – деді жайдары жүзін көмекші балаға бұрып.

- Әлім аға, рахмет, жатақханаға барайын, қонақтардан ұят болар, оның үстіне мына жұмыс киіммен кіргенім ыңғайсыз ғой. Сіз келгенше қалған жұмысты бітіре тұрармын.

- Онда жарайды, қарағым. Тәтеңнің дайын тамағынан ауыз тисін дегенім еді. Махаббат есік алдында әкесін еркелей қарсы алып жатты. Әлімнің қызына деген сағынышты жүрегі елжірей маңдайынан иіскей мауқын басып: - Мәкайым, – деп қояды.

Қараңғы түсе, жұмыстан келген Берікбол тамақтанысымен, жатып қалған. Қыстақта көретін кино, жастар көңіл көтерер орын болмаған соң қайтсін. Оның үстіне өзінің Үлкенталдысындай күнде көрісіп жүргендер емес. Жан-жақтан жиналғандар көбейіп кетті. Кейде олардың ішінен оғаш мінез байқатып қалатындар да кездеседі. Өткенде кеңседен айлық жалақысын алып, есік алдына шыққаны сол еді, өзін Сарыөзек жақтан келдім деп жүретін ұзын бойлы, қара жігіт алдынан шығып:

- Ей бала, жалақыңды жумайыз ба, тез дүкенге барып келе ғой! – деп, кес-кестеп алдында тұрып алды. Өзінің ішіп алғаны иісінен сезіліп тұрған. Берікбол:

- Аға, қазір Үлкенталдыдағы шешеме кетпекші едім. Ол кісінің денсаулығы жоқ, мені күтіп отырған болар, - дегеніне құлақ аспаған ұзын бойлы:

– Сен тілазар неме екенсің, айтқанды орында! А то, покожу... – деп, жұдырығын тұмсығына тақай берді. Өзінше мына шипаяға дегенімді орындатам деген кесір пиғылы миында атой салып тұрған. «Неме» деген сөзден намысы оянған жігіт ұзынтұраның қолын қағып жіберіп, өте бергені сол еді, анау аяғынан шалып, итеріп жібергенде, жерге оңбай құлап түсті. Ашуы басына шыққан Берікбол орнынан тұрысымен ұзын тұраның қолтығына қалай кіріп үлгергенін қарсыласының жерде серейіп жатысын көргенде барып пайымдады. Қойнындағы бөтелкесінің сынығы қолын жарақаттап, «шипаянның» керзіетігінің екі тепкісі жуасытып - ақ тастаса керек. Ішкіш неме орнында отырып қалыпты. Жалғыз адамның ойына келмейтіні бар ма, осындай-осындай өткен-кеткен уақиғалар төсегінде жатқанда есіне түсіп, өзімен мектепті бірге бітірген ұл-қыздар көз алдынан өте берді.

Ғанидың: «Оқуға түстім» деген қуанышты хатын кеше пошташы әкеп берген. Мұраттың бір туысы ВУЗ-да мұғалім деуші еді. Оны қайтсе де түсіретін шығар. Өткенде үйге барғанда анасы: «Құдалар Балқияға үкі таға келіпті. Оңдасын екеуінің жақында тойы болатын көрінеді,» - дегенді айтқан. Күләй «ЖенПИ-геқұжат тапсырдым,» - деп жүр еді. Құлап қалса...» Көзі іліне бере бойын рахат сезімге бөлеген тәтті ұйқыдан баяу алған демі білінер-білінбес болып, аузы әнтек ашылып қалғып бара жатты. Өңінде көп ойлағандікі ме, түсіне өткен жаз ортасында Сәкен, Мұрат, Күләй тағы екі-үш қыз бар, бәрі шекара жақтағы құмтөбелердің ортасында айнадай жарқырап жатқан Алтынкөлді көруге барғаны еніпті. Айналасын көк құрақ көмкерген ботаның көзіндей мөлдіреген мына сұлулыққа балалардың таңданғаны сонша, сол күні көл жағасына қонып, түнгі ай сәулесімен көмкерілген шалқардың көрінісін қызықтамақ болып келіскен.

– Ананы қара! – деген Сәкен суда шоршып жүрген шабақтарға қарай қолын созып.Кішірек ағаш бұтағын тістеген бойда, тұмсығын судан әнтек көтеріп жүзіп бара жатқан андатырды жақын жерден байқап, шошып қалған Күләй Берікболдың қолтығына тығылып үлгерген. Берікбол оң жамбасына аунап барып, қолын көрпеден шығарғанда, аққұба өңінде аздаған күлкінің ізі тұрып қалыпты. Сол өздері барған Алтынкөлдің айлы түнгі көрінісі екен дейді. Жолдастарының аулақтау жерде өздерінше әңгіме -дүкен құрған сұлбасы байқалады. Берікбол жалғыз өзі су бетінде қалқып жүрген құстарды қызықтап жағада тұрған. Сонау көз ұшында кәдімгі қолда өсетін қаздың жабайы түрі бір топ сары ала балапандарын ертіп, құрақ арасына жылжып барады. Сыңқылдаған үйректер, ұшып-қонып жүріп қарқылдап су шетінде таранып тұрған аналықтың жанына топтала қалыпты. Толған ай дөңгеленген күйі Алтынкөлдің түбіне шөгіп кеткендей ме қалай, су астындағы сәулесінен күлгін қызғыл бояу толқын бетіне іркіле көтеріліп, жайыла бере майда самалмен тербеледі. Көктегі жұлдыздар да сәулеге салтанат қосып, шалқарды шабыттандыра айдың жүзіне маржан таға бастапты. Осындай көз тоймас көріністі қызықтап тұрған бозбала, торғын түнді төсіне толастатқан ақ көлдің арғы бетінен жағаға қарай баяу жүзіп келе жатқан жалғыз аққуды көріп, таң-тамаша күйге енді. Сұқтана қарап, сұлу мүсінді ұшырып алмайын деп жігіт құрақ арасына жасырына қалды. Көл шетіне жақын келген құс еркесі жігітке көрініс тастағандай қос қанатын жазып барып, қияқ ұшын баппен тарап қойып, суға бір сүңгіп барып, қайта шыққанда, мамығындағы моншақ тамшылар арудың сәукелесіндегі маржандай шағылысып кетті. Орнынан баяу көтеріліп, таяу келген Бекенге ерке құс мойнын иіп тәжім еткендей болды да, қайта айналып айдын бетімен жылжып кеткенде, салған өрнегі айшықталып бара жатты. Бағанадан байқамаған ба, сыртынан келіп тұрған анасы: «Қарағым, Бекен, аққуың әдемі екен! Үркітіп алма, қайта айналып келуі қиын болады!» -дейді. «Апа, мен де бұл құс төресін алғаш көріп тұрмын!» -деп, мойын бұра берген сол еді, сонау көз ұшында алыстап бара жатқан анасын жаулығынан танып, артынан ұмтылғанмен жете алмай-ақ қойды. Аққу мен анасынан көз жазып қалған жігіт бірін-бірі жағаға қуалап жатқан толқынға мұңая қарап тұрып қалған. Күләй да алыстан қол бұлғаған бойда айрық жолға түсіп, ұзап кетіпті. Бағана өзімен келген достарын іздеп алаңдап тұрғанда, Берікболдың құлағына еміс-еміс тырсыл естілген. Алыстан үзіліп келіп тұрған барабан үніндей дыбысқа оянып кеткенде, терезені қатты ұрып тұрған жаңбырды байқады. Сонан соң көрген түстерін қайта ойына алып, біраз жатты.

Қора ішінде малға жем-шөп салып жүрген Әлім Берікболды жайдары қарсы алып:

- Бекен, шаршамасаң енді бір арба шөп әкеліп, ақырға (оттық) төгелік! Түске дейін малдың тойынуына жетіп қалар, - деп, екеуі жегулі тұрған арбаға жақындай берді. Түндегі көрген түсі жас жігіттің көңілін күпті етіп тұрған. Жұмысты жайластырып болысымен қабырғаға арқа сүйеп отыра қалып, біраз әңгіме-дүкен құратын әдетімен екі малшы бүгін де сол орынға тізе бүккен. Бағанадан Берікболдың қабағында кірбің барын сезіп қалған Әлім ағасы:

- Қарағым, бүгін ұйқың онша қанбаған ба? Түсте ертерек барып мызғып алсаң қайтер еді? – деп, бетіне барлай қараған.

- Жоқ, Әлім аға, ұйқым қанған,- деді. Аз отырған соң:

- Анам, жолдастарым түсіме еніпті. Соны сізге жорытып алсам ба деп отыр едім...-

- Айта ғой, қалқам, Алла оң тілеуімізді берсін! Жорып берейін. Жассың ғой, келешегің әлі алда, - деп Әлім елпектеп кетті. Жігіт көктегі сары айды, көлді, аққуды және жолдастарын көргенін, анасының өзінен алыстап бара жатқанын, оған жете алмай қалғанын түгел баяндап, мұңайып төмен қарап отырып қалды.

- Ой, Бекен қарағым, түсің жақсы екен! Бұрын-соңды бабаларымыздың түс жоруы бойынша шалқар көл өміріңе таусылмас байлық береді деген. Аққу - киелі құс қой. Алдағы өміріңде өзің сүйген қосағың кезігер. Жолдастарыңның алыстан бұлыңғыр көрінуі - жан-жаққа оқу іздеп, тарап кеткені болар. Енді анда-санда бір кезігесіңдер. Анаңның алыстап бара жатқаны - сені жиі ойлап, сағынғанның белгісі емес пе?! Сен ана қара төбелмен аулыңа барып, анаңның мамасын еміп, амандығын біліп келе ғой,- деп күліп алды. Сонан соң:

- Қолыңды жай, Бекен! Ата –баба аруағына бата қайырып қоялық! – деп, екі қолын жоғары көтеріп, Аллаға мінәжат етіп, бетін сипай берді. Осы әңгімеден кейін екеуі де үнсіз аз отырып қалған. Ағасы тағы бірдеңе айтатындай, тамағын кенеп алып, көмекші баланың бетіне қараған-ды. Бекен да сұраулы жүзбен құлағын тоса берген. Әлім өзіндік әдетінше:

- Қарағым! – деді: - Қарағым, сенің өмірің ұзақ, көрер қызығың әлі алда болады. Талай қиын жолдар да, небір қызықты кезеңдер де кездеседі. Жаныңда жақын досың болса, тіршілігіңде бақытты етер жарың болса, кез-келген қиындық жеңіл өте бермек. Түсің өңіңе, өңің түсіңе айналар кездер де кездеседі. Жарың да, досың да жаныңнан табылып тұрса, мерейің үстем болып жүреді. Алла тағаланың пендесіне алдын ала сездіретін аян белгісі –түсі болмақ. Сол арқылы ұйқы құшағында болжамдар елестетіп, кейде өткеніңді немесе болашағыңда болатын жайтты сездіру арқылы ойыңа түйсік тастайды, сақтандырады. Түс дегенді кім көрінгенге жорытудан аулақ болған жөн. Адам аласы ішінде, біреу қызғаныштан жақсы лебізін қимай, жаман оймен жорыса, періштең «Әумин!» - деп қалуы ғажап емес. Онда өміріңде кедергілер көбеюі ықтимал. Бәрімізді жаратушы бір Алланың құдіретті күші жетерлік қой. Бұрынғы үлкендер ат жетектеп барып, аузының дуасы бар абыз адамдарға жорытып, жолын беріп, батасын алып қайтады екен. Сондықтан бұдан былай анаңнан басқаға тісіңнен шығарушы болма! Егер жақының жаныңда болмаған жағдайда таңертең Аллаға мінәжат етіп, құбылаға жүзіңді бұра отырып, өзің жақсыға жорып үйрен. Алланың өзі жіберген болжамын ақ жүректі пендесінен жақсылығын аямасы хақ!

«Мәйекті сөз-дәйекті»- дегендей, мына ғибратты ұғымнан көңілі көтеріліп қалған Берікболға мұртын ширатып, қасында отырған Әлім ағасы әкесіндей ыстық көрініп бара жатты. Анасының амандығын біліп, қалтасындағы азын-аулақ ақшасымен қуантып қайтуына да өзі астындағы атын беріп отыр. «Сұңғыла ойдың сорабын сары тісті шал білер» - дің қағидасын балауса жігіттің миына өшпестей ойып қалдырған аға - бақташы Берікболды Үлкенталдыға аттандырып, өзі үйіне қарай аяңдаған.

Жазғы демалысқа тарап келген Махаббатты сағынып қалған ба, қасынан екі елі шықпай жүрген інісі кішкентай Ермек бүгін таңғы шайын шала ішіп:

- Жүр, тәте, папамның жұмыс істеген жеріне барамыз! Арбаға отырамыз, шөп тасимыз! Онда Бекен аға (Берікбол өзін Ермекке «Бекен» деп атай бер деген) бар! Сен білесің бе, ол- әйбат аға! Мені ылғи арбаға отырғызып, қасына алып жүреді. Ойнатады. Ертегі айтып береді, атқа мінгізеді. Мен оған айтам, сені де арбаға, атқа мінгізетін болады, жүрші...- деп, қолынан тартып асықтыра берді. Өзі де жыл бойына жатақхананың шуына үйреніп қалған ба, екі-үш күнгі үй тыныштығы бойжеткенді зеріктіре бастаған. Ермегінің асықтыруы қамшы болып, «біраз жүріп қайтайыншы» деген оймен оқып отырған кітабын терезе жақтауына сүйей салып: «Жүр, кеттік!» -деді інісіне. Үйден шығып, қораға жақындағанда, арбаға сүйеніп, әңгімелесіп тұрған екеуді байқаған. Оларға өзінен бұрын жеткен Ермек қолын Махаббатқа қарай шошайтып, папасына бірдеңелер айтып жатты. Қызы жандарына келгенде мұртын ширатып күлімсіреген Әлім:

- Міне, қызым да, ұлым да келді! Енді бітпейтін жұмыс қалмайтын болды, - деп, баласының басынан сипап қойды. Әңгіме арасында Әлім Берікболға қарап:

- Қызым амандық болса, келесі жылы педучилищені тәмамдайды. Көктемде ұстаздарына жолыққанымда: «Балаңыздың үлгерімі өте жоғары. бізден бітірген соң, үлкен оқу орнына апарып, білімін жалғастырыңыз,»- деп мені риза етіп тастаған,-деді. Бағанадан құлағы Әлімде болса да, көзін қыздан ала алмай тұрған жігітке жалт етіп қарап өткенде, мерейлі жүзімен шуақ тастағандай болған бойжеткен Ермегін ертіп, жуас торы атқа қарай бұрыла берді. Әңгіме айтуға құштар Әлекең балаларына жылы шыраймен қарап қойып, ылғидағы әдетінше тамағын кенеп алып, өз басынан өткендері туралы суыртпақтай бастаған. Берікбол да ағасының сөзіне үйір бола бастағандықтан ба, аузына қарай қалыпты. Әлімнің айтуы бойынша, осы Жиделісайға келгелі үш-төрт жылдың жүзі болса керек.

- Алғаш келгенде ана Ермегім емшектегі кезі еді, - дейді, - өзім - сонау солтүстік жақтағы Бескөл деген жердің тумасымын. Біз бір әке, бір шешеден ағайынды екеуміз бармыз. Отыз екінші жылдардағы ашаршылықта бізді Петропавлдағы балалар үйіне өткізгенде мен алты-жетілерде, інім Сәлім үш-төрт шамасында едік. Шешеміз отызыншы жылдары қайтыс болғанын жақсы білемін. Кейінірек анам марқұмның баладан қайтқанын ұқтым. Әкем бізге жиі келіп тұратын. Ол кісі сол кезде отыздар шамасында ғой деймін. Келген сайын бізге айтатыны: «Сендер мектепті бітірген соң бәріміз бірге тұрамыз,»-деп, анам өмірден өткен соң, қайта үйленбепті. Қырық бірінші жылдың қысында соғысқа аттанғанша, біз тұрып жатқан балалар үйіне онша алыс емес жерде татардың кішкентай үйін жалдап тұрып, теміржолдың қосалқы шаруашылығында істейтін. Шаруашылықтағы қой-сиырды бағу үшін жазда бізді сұрап алып, оқу басталғанша, әкеміздің жанында болушы едік. Ол соғысқа аттанған соң қырық екінің күзіне дейін хат келіп тұрған. Содан біраз уақыт хабарсыз қалып, шамасы екі айдан соң ғой деймін «қайтыс болды» деген қара қағаз алдық. Әкемнен біржола ажыраған соң, бізге келіп, халімізді біліп, еркелететін адам болмады. Мен ғой аздап есейіп қалсам да, інім Сәлімге қиын тиді. Оны папасы қатты еркелетуші еді. Әкесін сағынғандығы сондай, ол кісі соғысқа аттанғаннан үш ай өткенде төсек тартып жатып қалды. Мен қасында болған соң тірі қалды –ау деймін. Көктем шыға басын көтеріп, қасыма ертіп жүруге әрең жарады. Ол кезде балалар үйінде де жағдайдың оңып тұрғаны шамалы еді. Шала құрсақ жетімдерде жөнді киім де жоқ. Баяғы әкеміз әкеліп беретін азық-түлік, киім-кешек тоқтағалы халіміз қиындай түсті. Әкемнен хат тоқтап, хабарсыз кеткеннен бастап Сәлім қайта ауыра бастады. Екі сөзінің бірі әкесі туралы болатын болды. Келген қара қағазды оған көрсетпей, тығып тастағанмын. Қатты сағыныштың үстінде жаман хабарды естісе, жазым болып кете ме деп қорқып жүрдім. Мен жетіні бітірген жылы Сәлімге:

- Сен оқы, мен жұмыс істеп, сенің үлкен оқу бітіргеніңе көмектесемін,-дедім. Ол мені «дядя» дейтін.

- Дядя, сен кетіп қалсаң, мен қайтып жалғыз жүрем. Үлкен балалар ұрса, қайтем...-деп көзі балбұлдап, жалынышты түрмен қасымнан кетпей тұрып алды. Әкем соғысқа аттанғанда қарауындағы малын майданнан жаралы келген Анатолий деген орыс кісіге өткізіп берген. Өзі әжептәуір ерлік көрсетіп келсе керек. Кеудесіндегі үлкен-үлкен ордендер жарқырап тұратын. Мен сол кісіге көмекші малшы болып жұмыс істеуге келісім бергенмін. Ініме соны айтып, күнделікті келіп тұратынымды түсіндіргенімде, иланып қалды.біздің балалар үйінің тәрбиешісі Мәстура апай баяғы әкем жалдап тұрған үйдің иесі еді. Ол кісінің де күйеуі, үлкен баласы майданда көрінеді. Бізді бұрыннан танитын Мәстура апай Сәлім қашан үйренгенше кеште келіп, жанында болуға рұқсат еткенде, інімнің қуанғанын көрсең! Жүгіріп келіп, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп тұрғанда көзінен аққан жасты көріп, мен де өзімді тоқтата алмай, екеуміз қосылып жылағанымызды көрген апай ақылын айтып, тоқтау салып еді. Сәлім балалар үйінде онжылдықты бітіріп, Ресейдің үлкен бір қаласындағы теміржол институтына оқуға түскен. Осы қуанышынан екі күн кейін әкемнің соғыста ерлікпен қаза болғаны туралы баяғыдан тығып жүрген қара қағазды көрсеттім. Ондағы ойым, інім үлкен жігіт болып, ақыл тоқтатып қалды ғой дегенім еді. Оның үстіне сағынышын сарғайтып, папасының жолын күтіп жүрген сүйікті ұлы әкеден біржола күдер үзіп, оқуына алаңсыз кіріссін дегенмін. Бірер ай қайғырар, сөйтіп бірте-бірте сағынышы басылар. «Жетім қозы тас бауыр, отығар да жетілер» деген мақал бізге арналғандай көрінетін. Кеңес одағы Жеңіс тойын тойлап, соғыстан тірі қалғандар мен елдегі жетім-жесірлер қуаныштан бөріктерін аспанға лақтырып жүргенде, Сәлім де оқуға қабылданыпты. Келешегі үшін қанша қуанса да, әкеге деген сағынышы көңілінде шемен болып, жанын ауырта беретін. Бүгін сол сыздауықтың соқтасын біржола шығаруға тура келіп қалды. Өйткені көзі ашық оқыған жігіт өздігінен әкесін іздеп, соғыс комиссариатына кіре қалса, бүгінге дейін жасырып келгенім үшін маған ренжуі әбден мүмкін. Қара қағазды оқыған інім состиған күйде қозғалмай, ұзақ тұрып қалды. Аздан кейін: «Әкемізден біржола айрылған екенбіз ғой, дядя!»-деп, мойнымнан құшақтаған күйі солқылдасына-ай келіп. Менің де көңілім қатты босады. Институт жатақханасының бір бөлмесінде екеуміз көзжасымызды көл етіп, армансыз шерімізді бір тарқатып едік. Сол жылы Жаңа Жыл қарсаңында баяғы ата - қонысымыз Бескөлдің әдемі бойжеткенімен бас қосып, бұрынғы әкем жалдап тұрған үйде қайта түтін түтете бастадық. Мәстура апай маған шеше, Жадыраға ене болып кетті. Сәлім екініші курсты бітірер кезде, біз де сәбилі болып үлгергенбіз. Атын мамасы Махаббат деп қойып еді, марқұм...- Әлім аға біраз мұңайып тұрып қалды. - Жадыра өте әдемі болатын. «Сымбатты сылқым болса, жанғаны болар бағының,» -демекші, оны өте жақсы көретін мен байғұс сырттай білдірмесем де, іштей күн көзінен қызғанушы едім. Менің сол қылығымды сезетін де қатты еркелейтін. Еркелігі жүрегімді езіп жібергенді байқамай да қалатынмын. Жұмыстан келгенде, үйде Жадырадай айымды, Махаббатымдай тілі тәтті жұлдызымды көргенде, пейішке енгендей әсерленіп кетуші едім. Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы түзеле қоймаса да жоқты бар ететін Жадырамның арқасында ішіп-жеміміз жетіп артылып, Сәлімге де «посылка» салып тұратынбыз. Соның арқасында да оқуын алаңсыз жалғастырып жатты.

«Аш арық жүруші еді кеше деме,

Береке дари қалса пешенеге,

Арыңа кір қондырмай адал жүрсең,

Бақ-дәулет қона берер еселене..»-дегендей біздің жанұялық бақытымыз өмір сүруімізге үлгілі әсер етіп, ел қатарында адал еңбекке құлшына кірісіп кеткенбіз. Сол жылдары Сәтпаев бастаған қазақ ғалымдары Орталық Қазақстандағы Жезді, Қарсақпай, Жезқазған деген жерден үлкен кен орындарын тауып, бұдан әрі ел игілігіне айналдыру мәселесі бүкілодақ көлеміндегі баспасөз, радиодан хабарлап жататын. Бірде жазғы демалысқа келгенде Сәлім:

- Дядя, біздің Қазақстанда осындай-осындай жаңалықтар болып жатыр. Қарағандыдан жаңа кен орнына дейін теміржол желісі тартылады дейді. Менің оқуым сол теміржол емес пе?! Мына жердегі табысыңызды жаман демеймін. Мен де институтты бітіре қалсам, сол жаққа көңілім ауа береді. Барлығымыз бір жерде тұрып, жұмыс жасасақ деген ойым бар, - дегенде, жалғыз інімнің айтқанынан қайда шығам?! Тәуекелді желқайық етіп, Жезқазғаннан бірақ шыққанымыз бар.

Інімнің соңғы курсы қалған жылы күзде маған жеделхат жолдапты: «Дядя, Жадыра, Мәкай (қызымды Мәкай дейтінбіз) тез келіңіздер, мен үйленейін деп жатырмын!» депті. Қуанышым қойныма сымай: «Мен келінді болдым! Мен үлкен болдым!»деп кепкімді төбеге атқанда, экспедицияның аласа үйінің шаңы бұрқылдағанын көріп, Жадыра мен Махаббатымның ішек-сілесі қатпасы бар ма?! Жиған –терген барымызды қолтықтап, ертесі –ақ Ресей жеріне жетіп барғанбыз. Пойыздан күтіп алған Сәлімнің жанында әдемі ақ сары орыс қызы тұрғанын көріп, қуанышым сәл басылғандай, сол екеуін Жадыра қосқандай келіншегіме қарай беріппін. Менен бұрын барып әйелім келіннің бетінен өбіп жатса, кішкентай Махаббатың сөзін қарамайсың ба: - Аға, мына ойыс менің тәтем бола ма? –дегені. Қызымның қазақшасын келін түсінбеді-ау деймін, түрінен өзгеріс байқалмады. Мен орыс тілінде екеуінің бақытты болуына тілектестігімді білдіріп, маңдайларынан иіскеген болдым. Келінімнің декан әкесімен бірігіп, сол кездің қасқа маңдай тойын Ресейдің үлкен мейманханасында өткізіп қайтқанымыз бар. Жезқазғанға теміржол желісі тартылып, кен қопарылып, құрыш балқытылып жатса да, Сәлім келе алмады. Оқу бітірісімен Қостанайға тұрақтап қалды. Мен оған қуанбасам, ренжімедім. Жезқазғанда қызым үшті оқып жүрген жылы мамасы қатты ауырып, ауруханаға қайталап түсе берген соң, жұмыстан босап, бала күтіп, үйде отырып қалдым. Біздің ауыр жағдайды білген інім көшіріп, Қостанайға қайта апарып алған. Сол ауырғаннан тәуір бола алмаған Жадырам қызы төртке көшкен жылы өмірден озып кетті. Жаныңнан артық көретін адамыңнан мәңгілік ажырап, жалғыз қызым жетім қалғанына қайғырғаным сонша, ендігі тірліктің маған деген жүзі қараң болғандай еді.

Бұрын ішкілікті қатты жек көретінмін. Қайғы қапасында жүріп сол бәлеге бой ұра бастағандаймын. Балалы екеуміз інімнің үйінде тұрып жүретінбіз. Мен ішкілікке беріліп, Махаббатыма анасының қайғысы батып, жүдеп кетті. Оқуы да нашарлап, мінезі ұяң тартып, елдің қабағын аңдып, жаутаңдап отыратынды шығарды. Бір күні қызулау келіп, қақпадан үйге жақындағанда, келінімнің дауысы қатты шығып, қызым өксіп жылап тұрғанын естіп қалдым. Есіктен кіріп келсем, Махаббатыма Валяның әлім жеттік жасап жатқанының үстінен түсіппін. «парықсызға парасаткөрші қонбастың» кебін киген келініме ашуымның келгені сонша, балапанымды жетектеген бойда, үйінен біржола шығып жүре бердім. Со кеткеннен бұрынғы ата қонысым Бескөлге бірақ тарттым. Ертесі ауылдық кеңеске кіріп, тұратын үйге көмектесуін өтінгенмін. Махаббат ауылдың мектебіне оқуға кіріп, мен ферманың сиыр қорасын тазалауға жұмысқа тұрғанмын. Сол күні кешкісін қызымнан кешірім сұрап, о дүниеге аттанғанша, аузыма арақ алмауға ант еттім. Содан бүгінге дейін татқан емеспін. Ауылда малшы болып жүргенде мына үйдегі Сайраш тәтеңмен танысып, қайта шаңырақ көтердік. Өзі Қостанайдың шығыс жағындағы Обаған деген ауылдың қызы екен. Жезқазғандағы үйіміз жабулы күйінде қалған. Үлкен қазба орнында жұмыс істегеннің арқасы ғой деймін. Сол жердегі алып жүрген жалақымыз бүгінгімізден үш есе мол болушы еді. Бір күні Сайрашқа осы жөнінде әңгімелегенімізде: «Онда кеттік!»- деді. Әйелім, қызым да қарсы болмай қайта қуанып кетті.

Біз Жезқазғанға келгеннен кейін Ермегіміз өмірге келген. Қызым жетіні бітірген жылы Жеркенттегі педучилищеге оқуға барамын деп отырып алды. Біз: «Онды бітір, сонан соң үлкен қалаға барып, жоғарғы білім беретін оқуға түсесің,» - дегенімізге көнбей - ақ қойды. Өзінің бірбеткей мінезінен қайтара алмадық. Ақыры қасына жолдас қызын ертіп, Жаркентке аттанып кетті. Бар - жоғы он төрт жасар балапаным жаман жағдайға ұрынып қала ма деп, кезектен тыс еңбек демалысымызды алып, артынан мен де жеткем. Қызымның бағы жанды ма, оқуға түскендегі қуанғанын көрсең. Бұрын Жетісу өлкесі туралы әңгіме болса, құлағыма ертегідей естіле беретін еді. Күз айларында біз жаққа әкелінген жеміс-жидектердің бағасы қымбатқа түсіп жататын. Жаркенттің даласында да, қаласында да көкөністің алуан түрінің өсетініне, таңғалмасым бар ма? Қасиетті Жетісудың жемісі мен бау - бақшасын еліміздің қайсы бұрышына апарсаң да, жетіп артыларына көзім жетті. Қызым оқуға қабылданған соң, қайда барсаң да бір еңбек қой, өзі жақсыға бір орын табылар демекші, осы жаққа біржола келуге көңілім ауа берді. Баламнан алыста қалмағаныма да қуандым. Қасында болатыныма Махаббатым да риза болды. Сөйтіп, сол жылы суық күзде осы жерге дәм айдап келіп қалғанымыз бар.

Әлім аға әңгімесін аяқтай бергенде, жуас торыға мінгескен Махаббат пен Ермек қасымызға келіп, аттан түскенде, ұлы әкесіне:

– Папа, атты мен жүргіздім, тәтем айдады. Ертең тағы мінемін, – деп, әпкесінің жанынан қалмай, томпаңдап жүр. Ұлының маңдайынан иіскеп алып, атына мініп үлгерген Әлім:

- Бекен, мен сырттағы малдарды жиыстырып келгенше, жем – шөбін реттей берерсің, – деп ұзай берді. Қыз мінген атты шөпке байлап келген көмекші жігіт, бойжеткенге қарап:

- Қарындас, танысып қоялық. Менің атым – Берікбол. Бекен десеңіз де болады. Ермек солай атап жүр ғой. Ініңіз сіз туралы көп айтқан. Атыңызды да біліп алғанмын. Есіміңіз Махаббат болар? – деп, қызға күлімдей қарап, қолын ұсына берді. Жүзіндегі қызыл шырайы нұрлана жымиып, жанарын төмен салып тұрған қыздың оң жақ шықшытыастындағы меңін де байқап үлгерген-ді.

– Иә, дұрыс айтасыз. Сіз туралы да Ермектің былдырынан аздап ұққаным бар,– деп, сүйріктей саусағын жігіт алақанымен түйістіре берді. Қыз - жігіттің қол алысып тұрғанын көрген Ермек бала:

- Тәте, Бекен ағам мені әйбат сұлу қызбен таныстырам, – деді. Екеуміз кейін қалаға барамыз. Мен қызға – Ермек Әлімұлы – деп айтамын. Қызымды папам мен мамама әкеліп беремін. Бекен ағам солай деді, – деген сөзіне екеуі де әбден күлісіп алды.

– Бекен аға, сіз бұл жерде қашаннан тұрасыз? Бұрын көрмеген сияқтымын.

- Махаббат, мен осы жердікі болсам, екеуміз әлдеқашан танысқан болар едік қой. Үлкенталды аулының баласымын. Осы жерге келгеніме біраз уақыт болып қалды. Әлім ағаға көмектесіп жүрмін. Папаң бір әңгіме арасында «оқуда қыз балам бар,»- дегені бар еді. Сол қыз баласы өзің боларсың?

– Иә, сол қызы мен боламын. Биыл училищенің үшінші курсын тәмамдадым. Амандық болса, келесі жылы оқуды аяқтаймыз.

Өрістегі малды қораға айдап кірген Әлімді көрген екі жас қаймықты ма, Махаббат інісін жетелеп үйге бет бұрған-ды. Берікбол да айырын қолына алып, мая шөпке беттей берген. Арбаға шөп тиеп жатып: «Қандай әдемі!» – деді тағы да ішінен. Әппақ жүзіндегі тарыдай қара меңі сондай жарасымды. Мінезі де мамықтай жұмсақ болу керек, үні мақпалдай естіледі екен. Берікболың екі қолы арбаға шөп лақтырғанмен, ойы бойжеткеннің көркімен бірге еріп кетіпті. Көмекшісіне жақын келген Әлім:

– Бекен, тиеген шөбің шашылып жатыр ғой, – дегенде барып, өзіне-өзі келген жігіт ұялғанынан:

- Аға, байқамаппын, - деп, қайта жиыстырып, арбаның бастырығын тарта берді. Кешкісін бөлмесіне келіп, күндегі әдетіндей радиоқабылдағыштан «Шалқарды» іздеп, тамылжыған әндерді тыңдай жүріп, тамағын әзірлеуге кіріспек болған. Беріліп жатқан әндердің күндегідей әуезді әсері болмай, қабылдағышты өшіріп, құдыққа суға шығып кетті. Үйге қайта бас сұққанда, алабұртқан ойы ана мал қорада бір қимас заты ұмыт қалғандай болып, елегізгенкөңілі сол жаққа бөліне берді. Тамаққа деп пияз турай бергені сол еді, саусағын оңдырмай кесіп алғаны. Өзінің ештеңеге ебі болмай тұрғанына ашуы келген жігіт, пышағын лақтырып тастап, төсегіне аштай жатып қалды. Түннің бір уағына дейін ұйқысы келмей аунақшиберді. Көзіне елестеген бағанағы қыз келбеті кірпік арасына ұялап үлгерсе керек. Оқып жүргенде қалың қыздың ортасында мұндай әдеті жоқ сияқты еді. Қыз бойындағы кемшіліктері көзіне ұрып тұратын. Берікбол қараңғыда ойланып жатып, ана Күләймен Махаббатты бір-бірімен ойша салыстырып көрген. Күләйдің аяғы маймақ, маңдайы қушық, ерні дүрдік. Сондықтан ғой деймін, кластағы балалармен ұрсыспайтыны болмайтын. Ал мына жаңа танысқан қыз Күләйдан жүз есе әдемі көрінеді. Сөз мәнері де ән ырғағындай көңілді жылытып тұратын сияқты. Ертең тағы да кезігер ме екен?...

Қарсыдағы терезеден түскен сәуледен оянып кеткен Берікбол, орнынан тұрып есік алдына шыққанда, күннің де көтерілер алдындағы алау қызылы біліне бастаған екен. Түнде үстел үстінде орын-орында қалған заттарды жинастырып, газға шәй қойып келген жігіт, төсек шетіне құйрық басқан. Кеше, қолы қалт еткенде оқып жүрген кітабын жұмыс басындағы киім ауыстыратын бөлмеден байқаған қыз, қолына алып беттерін аударыстырып тұрып:

- Әдебиетті ұнатасыз ба? – деп күлімсірей қарағаны есіне түсіп кетіп: «Әдемі қыз!» – деді тағы да іштей сүйсініп. Содан кейін - ақ бойжеткен көз алдына елес берген сайын ойына біртүрлі өлең шумақтары оралғандай болып, таңғы шәйі алдында қағаз қарындашын қолына алған. Кер маралдай сұлу мүсін өзіне анау-мынау теңеулерді місетұтпайтындай. Ақын болсаң, ешкімге арналмаған сөз жақұтымен көркемдеп көр дегендей, көңіл ұшқынынан мөлдіреп қарайды.

Тұр екен тұлғасында көрік тұнып,

Жіберді-ау жан дүниемді біріктіріп.

Кеудемді жайлап алған бір қуаныш,

Аспанға мені атып жүр бөрік қылып.

Кең маңдай келісті жүз, керім келбет,

Тұрғандай сұлулықтан маржан тер деп.

Лебізің майда қоңыр балғын самал,

Тұрғанын түсінер ме ең, мені тербеп.

Әр берген нұр бейнеге қара меңі.

Жанары жанды баурап алды мені.

Жүруші ем, елегізіп еркімнен тыс

Көңілімнің табылды енді дәру емі,

- деген өлең жолдарын түсірген дәптер парағын екі бүктеп, кітап бетінің арасына салып қойған. Жұмысқа келісімен күнделікті малға жем-шөп салумен айналысып кеткен Берікболмен Әлім, түске салым он-он бес минут аяқ суытатын әдеті бар-ды. Күн төбеден ауа ағасы екеуі дабырласып есікке таянғанда, Ермекті қасына алған Махаббат, бағана осы жерге қойып кеткен кітабын оқып отырғанын есік ашылғанда, жігіт көзі шалып қалды. Үйге кіре берген Әлім:

– Қызым-ау, мына кір қожалақ бөлмеде не істеп отырсың, киімің былғанбай ма? Түскі шәйға барайық – деді. Қыз орнынан тұрып, оқып отырған кітап бетін аздап қайырып терезе алдына қоя беріп:

- Иә, папа сіздерді тамаққа шақыра келгенбіз, – деді. Бағанадан екі көзі қыз қолындағы кітапта болған Берікбол: «Өлеңді оқып қойды ма екен, ұят болды ау. Кімге жаздың десе, не айтамын?» – деп, қысылып тұрған. Әлімдер далаға шыға бергенде, парақтардың арасынан қанша сілкіп іздесе де, өлеңін таба алмай-ақ қойды. Жігіттің салы суға кеткендей болып тұрғанын көрген Әлекең:

– Бекен, жүр қарағым, біздің үйден тамақтанып шығалық, – деген.

- Рахмет, аға – деп өз үйіне бұрыла берген. Артынан томпаңдап жүгіріп келген Ермек:

- Жүй, аға, тәтем шақияды,- деп, қолынан тартқылай берген соң, бұрылып қызға қараған-ды. Жүзі балбұл жанған бойжеткеннің екеуін тосып тұрғанын көріп, сәбиге еріксіз ере берді. Інісі былдыр тілімен папасын сөзге айналдырып бара жатқанын пайдаланған Махаббат:

- Бекен аға, -деді,- Бекен аға өлеңді жақсы жазады екенсіз. Сүйген қызыңызға арнағансыз ғой, шамасы.

- Жоқ, Махаббат, әлі қызға сөз айтып көрген емеспін. Ана өлеңді бүгін таңертең өзіңе арнап жазып







Дата добавления: 2015-10-01; просмотров: 555. Нарушение авторских прав; Мы поможем в написании вашей работы!



Обзор компонентов Multisim Компоненты – это основа любой схемы, это все элементы, из которых она состоит. Multisim оперирует с двумя категориями...

Композиция из абстрактных геометрических фигур Данная композиция состоит из линий, штриховки, абстрактных геометрических форм...

Важнейшие способы обработки и анализа рядов динамики Не во всех случаях эмпирические данные рядов динамики позволяют определить тенденцию изменения явления во времени...

ТЕОРЕТИЧЕСКАЯ МЕХАНИКА Статика является частью теоретической механики, изучающей условия, при ко­торых тело находится под действием заданной системы сил...

Алгоритм выполнения манипуляции Приемы наружного акушерского исследования. Приемы Леопольда – Левицкого. Цель...

ИГРЫ НА ТАКТИЛЬНОЕ ВЗАИМОДЕЙСТВИЕ Методические рекомендации по проведению игр на тактильное взаимодействие...

Реформы П.А.Столыпина Сегодня уже никто не сомневается в том, что экономическая политика П...

Искусство подбора персонала. Как оценить человека за час Искусство подбора персонала. Как оценить человека за час...

Этапы творческого процесса в изобразительной деятельности По мнению многих авторов, возникновение творческого начала в детской художественной практике носит такой же поэтапный характер, как и процесс творчества у мастеров искусства...

Тема 5. Анализ количественного и качественного состава персонала Персонал является одним из важнейших факторов в организации. Его состояние и эффективное использование прямо влияет на конечные результаты хозяйственной деятельности организации.

Studopedia.info - Студопедия - 2014-2024 год . (0.011 сек.) русская версия | украинская версия