Тату көршiлiк бiрiншi кезектегi мiндет, алайда, елдi iшкi алауыздық жайласа, ол шешiлмейдi. Егер әр түрлi топтар оларды мүдделердiң - саяси, идеология, дiни, этникалық немесе таптық мүдделердiң бiрiктiретiнiне қарамастан, қарама-қарсылық күйде болса, бұл халықты ортақ игiлiкке қол жеткiзу мен өзiнiң ұлттық мүдделерiн iске асыру мақсатынан жаңылыстыратын қауiптi жағдайға әкеп соғады. Бұл жерде әңгiме тiкелей қарсыластық немесе соғыс жағдайы туралы да болып отырған жоқ. Солтүстiк Ирландия, бұрынғы Югославия, Перу, Ауғанстан, Камбоджа мен Руанда және басқа да елдер ешбiр өркениеттiң, ешбiр мәдениеттiң алауыздықтың ауыр салдарынан сақтандырылмағанын дәлелдеп отыр.
Бiрлiкке апаратын жолдағы бұрынғы кедергiлердi жойып, әдетке, құштарлыққа, ерекше мүдделерге, дiнге, жас қарайластығына немесе басқа факторлардың қайсысына негiзделгенiне қарамастан, жаңа кедергiлердi болдырмау - бiздiң мiндетiмiз. Диалогтың ықтимал барлық нысандарын көтермелеу, сондай-ақ адамдар арасындағы өзара байланыс пен қарым-қатынасты күшейту арқылы бiз бiртiндеп ұлттық ынтымағымызды нығайтып, ұлттық әлеуетiмiздi ұлғайтамыз.
Қоғамның негiзi болып табылатын бұл басымдықты жүзеге асырудағы бiздiң стратегиямыздың мынадай құрамдас бөлiктерi бар:
- елiмiздiң барлық азаматтары үшiн мүмкiндiктердiң теңдiгiне негiзделген бiрыңғай азаматтығымызды дамытатынымызға кепiлдiк беру;
- этникалық түсiнiспеушiлiк себептерiнiң жойылуын, барлық этникалық топтар құқықтарының, тең болуын қамтамасыз ету;
- қоғамымыздағы дәулеттiлер мен жарлылардың арасындағы айырмашылықты азайту және ауыл проблемасына үнемi ерекше көңiл бөлу;
- өтпелi және кейiнгi кезеңдерде пайда болатын әлеуметтiк проблемаларды ұдайы шешiп отыру;
- ұзақ мерзiмдi болашақта саяси тұрақтылықты да, қоғамның топтасуын да қамтамасыз ететiн бай Қазақстанды барынша жiгерлi түрде қалыптастыру;
- адамдар арасындағы қарым-қатынас пен коммуникациялық байланыстардың барлық нысандарын дамыту;
- әр түрлi конфессиялар арасындағы өзара құрмет, төзiмдiлiк пен сенiмдi қарым-қатынастарды нығайту.
Бүгiн "Бiздер - қазақстандықтар кiмдермiз?" деген сырттай қарағанда қарапайым сауалға кез келген адам бiрден жауап бере алмайды. Өзiн-өзi бiрегейлендiру проблемасын шешу үшiн уақыт пен белгiлi бiр тарихи даму кезеңi қажет болады.
Коммунистiк режим 70 жылдан астам уақытта бiрыңғай кеңес халқын ақыры қалыптастыра алмады. Орталықтан шыққан көп ұлтты елдердiң көпшiлiгi ондаған жылдар өткеннен кейiн де бұл процестi аяқтай алмады. Бiзде де бұл сезiм қалыптасып, орныққанға дейiн бiрнеше ондаған жылдар өтедi.
Бiрақ қазiрдiң өзiнде бiздi бiрiктiретiн бiрқатар факторлар бар. Бұл - өз шекарамыздың шегiндегi жерiмiз, оны көркейткен ата-аналарымыз, сәтсiздiктердiң ауыртпалығын бiрге көтерiп, жетiстiктерiмiздiң қуанышын бiрге бөлiскен ортақ тарихымыз. Бұл - келешекте осы жерде бiрге тұрып, бiрге жұмыс iстейтiн бiздiң балаларымыз. Сондықтан бiздiң әрқайсымызды өз ата-анамыздың алдындағы борышымызды ұғыну мен балаларымыздың өмiрiн одан әрi жақсарта түсуге деген ұмтылысымыз бiрiктiредi. Бүгiнгi таңда осы айқын мақсаттар бiрлiк пен топтасу үшiн нақты тұғыр болып табылады.
Тәуелсiздiк пен реформалардың алғашқы жылдарында бiз коммунистiк-ұжымдық негiздерден жекеше-дарашылдыққа қарай ыға бастадық. Жекеменшiк дарашылдықтың жедел дамуы құндылықтар бағдарын ауыстыруға ғана көмектесiп қоймай, этникааралық қарама-қайшылықтардың терең тамырларын қиып, олардың әлеуетiн кемiтуге де ықпал еттi.
Алайда, шовинизм мен ұлтшылдық әлi толық ұмытыла қойған жоқ. Мұндай процестердi қыздыра түсу әрекеттерi халықтың көпшiлiгiн қызықтырмайды, керiсiнше олардың наразылығын тудырады. Русофобия күрт кемiп, қазақ дәстүрлерi мен тiлiнiң қайта өрлеу үрдiсi табиғи құбылыс деп қабылданатын болды. Қоғам этникалық проблемаларды бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым байыппен, сындарлы және ашық талқылайтын болды.
Бiздiң нарыққа қарай басқан космополиттiк және интернационалдық қадамымыз этникааралық қарама-қайшылықтарды әлсiретiп, зор қызмет атқарып отыр. Еркiн нарық та мемлекеттiң бара-бар рөлiнсiз кiршiксiз емес, ол маятник сияқты құндылықтардың бiр жүйесiнен екiншi жүйесiне ауысу жылдамдығын алғаннан кейiн бiзге қажет тепе-теңдiк нүктесiнен ендiгi аттап кеткен тәрiздi. Бүгiн қарсы тұрудың жаңа полюстерi - кедейлер мен байлар арасындағы, басқарылатындар мен басқарушылар арасындағы, село мен қала арасындағы қарсылық полюстерi ашылды.
Бұл алшақтық жалпы қабылданған шектен тыс деген түсiнiк қоғамда пiсiп-жетiлдi. Егер Қазақстан бай адамдардың шағын тобы бар мемлекет болса, өмiрге төзiмдiлiктiң төмендеуi мен iшкi-сыртқы тұрақсыздық салдарынан, жақсы дегенде, әуре-сарсаңға түседi. Бiз кедейлер мемлекетi болып көрдiк. Мемлекет ең алдымен орта таптың - фермерлердiң, "ақ жаға-көк жағалылардың", интеллигенцияның, ұсақ буржуазияның мүддесiн бiлдiруге тиiс. Кезiнде большевиктердiң осы топтардың барлығына шүйлiккенi тегiн емес. Олар капитализмнен коммунизмге өту үшiн басты соққыны қайда бағыттау керек екенiн бiлдi. Олар капиталистiк мемлекеттiң тiрегiне соққы бердi. Бiздi кулактарға, "шiрiк интеллигенцияға", Жұмысшы ақсүйектерiне, ұсақ саудагерлерге қарсы қалай тәрбиелегенiн еске түсiрейiк. Көпшiлiгiмiзде жек көрушiлiктiң орнығып қалуы осыдан емес пе екен?
Iшкi саяси тұрақтылық пен даму үш тапқа да: байларға, орташаларға және кедейлерге сүйенедi. Олардың барлығы да қазiрше қоғамда болады бiрақ, әрине, қалыпты өркениеттi арақатынаста болуға тиiс.
Қала мен село арасындағы қарым-қатынаста жiктелу айқын көрiндi. Мұнда жiктелудiң терең процесi жүрiп жатыр және бұл ретте алшақтық үнемi ұлғая түсуде. Село таяудағы он жылда, нарықтық өзгерiстерге қосымша серпiн беру және әлеуметтiк проблемаларды шешуге ерекше көпшiл бөлу, инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан басым сала болуға тиiс.
Бiз селодағы жұмыс күшiнiң көптеп босауына, село тұрғындарының қалаға көшуiнiң ұлғайып, урбанизация процестерiнiң дамуына әзiр болуға тиiспiз. Село бүгiн: жалақы, зейнетақы төлемеу, артта қалушылық, кедейлiк пен жұмыссыздық, әлсiз инфрақұрылым, бiлiм беру мен денсаулық сақтау, экологиялық апат сынды барлық негiзгi әлеуметтiк проблемалардың өзегiне айналды. Әйтсе де мұнда демографиялық әлеует өте жоғары.
Орталықтан қиындықпен "жиналған" қажеттi ресурстар қалаларда қалып қойып, селоға жетпейдi. Мұндай "жайылыңқы" саясатты доғару керек. Қысқа мерзiмде селодағы барлық өзгерiстердi аяғына жеткiзу керек, олар қуатты және нысаналы әлеуметтiк саясатпен қатар жүргiзiлуге тиiс.
Мұндағы бiздiң мақсаттарымыз айқын - бiз шаруалар мен село тұрғындарына өз өмiрiн көбiрек қадағалауға мүмкiндiк беруге, сондай-ақ осындай бақылауды жүзеге асыруы үшiн оларды құралдармен қамтамасыз етуге тиiспiз.
Бұл проблемаларды стратегиялық тұрғыдан, негiзiнен, экономикалық iлгерiлеу арқылы шешуге болады. Мейлiнше бай Қазақстан әр адамға барынша көп мүмкiндiк бередi. Әлемге әйгiлi ұлы басшы айтқандай "судың көбеюi қайраңнан барлық кеменi көтередi". Бiздiң стратегиямыз ұлғайып келе жатқан ұлттық байлықтың бiр бөлiгiн әр адамның алуына мүмкiндiк беретiндей болуға тиiс.
Ал, қазiргi өтпелi кезеңде адамдардың көпшiлiгiне оңай болмайды, Үкiметтiң де барлық адамға бiрдей көмектесетiндей қаражаты жоқ. Бұл салада бiздiң стратегиямыз мемлекеттiк көмектi халықтың ең мұқтаж топтарына, тек соларға ғана тiкелей жiберу болып табылады. Бiрақ бүгiн бiз өз қиындықтарын өзi жеңе алатын адамдардың санын көбейтуге мұқтаж болып отырмыз.
Балаларымыздың болашағы мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың қандай болатыны туралы сөз қозғағанда бiз өзiмiз құратын өркениеттiң - бiздiң болашақ қоғамымыздың моделiн алдын ала бiлуге тиiспiз. Бүгiн тоталитарлық және либералды қоғам арасындағы дау жойылған кезде либералдық қоғам модельдерiнiң өзi әр түрлi болатыны және әр елдiң өзiндiк ерекшелiктерi болатындығы анықталып отыр.
Негiзгi айырмашылық модельдердiң екi үлгiсiнiң: ағылшын-саксон және "азиялық жолбарыстар" көрсеткен азиялық үлгiлерiнiң арасында болып отыр. Бiрқатар бағыттарда ортақ сипаты бола тұра олардың арасында үлкен айырмашылықтар байқалады. Бiрiншi модельге көбiне даралық, екiншiсiне - коммунитаризм тән. Бiрiншi жағдайда мемлекеттiң шектеулi рөлi уағыздалса, екiншiсiнде мемлекеттiң жоспарлаумен белсендi түрде айналысып, жекеше сектор мен бүкiл қоғамға жетекшiлiк етуге тиiс күшейтiлген рөлi уағыздалады. Бiрiншi модельде көңiл макроэкономикаға, екiншiсiнде - микроэкономикаға бөлiнедi және т.с.с.
Бұдан бұрын айтып өткенiмдей, бұрынғы жылдары алдымызға жедел өзгерiстердi мақсат етiп қойып, белсендi түрде ағылшын-саксон нұсқасы бойынша жүрдiк, бiрақ бүгiн бiз бұдан әрi қай жолмен жүру керек деген стратегиялық сауалға жауап табуға тиiспiз. Қоғамда бұған қатысты консенсус жоқ. Қазақстан Еуропаның кiшкентай болса да бiр бөлiгi, тарихи тұрғыдан да бiз Батыс өркениетiне ұмтыламыз дейдi бiреулер. Бiз көбiнше азиялық елмiз, сондықтан "жолбарыстардың", Жапонияның, Кореяның тәжiрибесiн ұстануға тиiспiз дейдi екiншi бiреулер. Бiз ресейлiк менталитет пен ұжымшылдық принциптерiн терең сiңiрдiк, сондықтан бiздiң таңдауымыз Ресейдiң таңдауына сай болуға тиiс дейдi үшiншiлер. Төртiншi бiреулер бiздегi халықтың басым көпшiлiгi мұсылмандар, сондықтан бiз жаңа түркi моделiн негiзге алуға тиiспiз деп дауласады.
Ғажабы, бұлардың барлығының айтқаны ақиқат және сонымен бiр мезгiлде олардың барлығы қателеседi. Бiз - өзiмiздiң белгiлi тарихымыз бен өзiндiк, болашағымыз бар еуразиялық елмiз. Сондықтан бiздiң моделiмiз басқа ешкiмнiң моделiне ұқсамайтын болады. Ол өз бойына әр түрлi өркениеттердiң жетiстiктерiн сiңiредi.
Алдымызға екiнiң бiрiн таңдап алу керек деген мәселенi қоймаймыз. Бiз екеуiн де, iс жүзiнде өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеген барлық өркениеттердiң ең соны жетiстiктерiн пайдаланып, диалектикалы боламыз.
Бiздiң моделiмiз қоғам дамуының әр түрлi модельдерiнiң түйiсуiн бейнелеуге тиiс. Қазақстан Конституциясына сәйкес бiз әлеуметтiк нарықтық экономика құрудамыз. Бұл - бiзге қажеттiнiң нақ өзi.
Бiздiң моделiмiз басқа модельдердiң элементерiн сабақтастыра отырып, бiрақ негiзiнен, өзiмiздiң ерекшелiктерiмiзге, тарихымызға, жаңа азаматтығымызға және даму кезеңдерiнiң нақтылығын еске ала отырып, ұмтылыстарымызға сүйенiп, өзiмiздiң жеке даму жолымызды белгiлейтiн болады.
Зақ мерзiмдi басымдық: Шетел инвестицияларының деңгейi жоғары, дамыған нарықтық экономикаға негiзделген экономикалық өсу