Диктант түрлері белгілі бір грамматикалық ережеге сай жүргізіледі. Ең алдымен ережені түсіндіріп алып, содан кейін ережеге сай келетін сөйлемдер айтылып, оқушыларға жаздыру керек. Бұл түсіндірме бойынша диктантты есту арқылы және көру арқылы жазатын, теріп жазатын, шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын т.б. түрлері бар.
Қазақ тілі пәнінен білім, білік, дағдыны үнемі есепке алып отыру- бастауыш мектептегі оқу процесінің ең қажетті бөлігі.
ДИКТАНТ - латынның «дикто» деген сөзінен шыққан. Яғни «естіртіп айту» деген мағынаны білдіреді. Диктант оқушылардың сауаттылығын арттырып, сөздік қорларын байытады. Диктантты жаздыру арқылы оқушының білімді қандай деңгейде игергендігін тексеруге болады. Осы жұмысты ала отырып, емлелік, пунктуациялық қателермен жұмыс жасап, оқушының білімін толықтырып отыру қажет.
Терме диктанты - мәтін ішінен өтілген ережеге сай сөздер мен сөз тізбектерін немесе жеке сөйлемдерді теріп жазады. Терме диктант фонетика, грамматиканы пысықтау үшін өте қажет. Оқушының ақыл- ойын дамытуға көмектеседі.
Өзіндік диктант -бұрыннан белгілі бір мәтінді жазу үшін қолданылады. Бұл сын жұмысты жазу оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады.
Бақылау диктанты әр сыныпта жылына 5 рет алынады. Тоқсан сайын 1 реттен және оқу жылының қорытындысы бойынша 1рет. Диктантқа арнайы дәптер арналады. Мұғалім бақылау диктантын оқығанда бір орында тұрып оқуы керек.
Көру диктанты - оқушылардың көру, есте сақтау қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі. Диктант мәтіні алдын –ала тақтада жазылады. Оқушылар 2-3 мәрте оқып, естеріне сақтайды. Сосын мәтінді жауып, естеріне сақтап қалғандарын жазады. Жазып болған соң мәтін ашылып, тексеру жұмыс жүргізіледі. Қате кеткен сөздермен дыбыстық, буындық талдау жүргізіледі.
Суретті диктант - берілген суретке қарап атын жазу (заттың) немесе суретке байланысты сөйлем құрау.
Сөздік диктант - сабақтың кез келген кезеңіндежүргізіледі. Сөздік диктантына оқушыларға фонетикалық тұрғыда қиындық туғызып жүрген сөздер, не болмаса жыл бойы меңгеруге тиісті термин сөздер, өтілген жаңа сөздер жазылады.
Графикалық диктант - мұнда сөйлемнің не сөздің сызбалары беріледі. Сол сызбаға сәйкес сөйлемдер құрастырылып жазылады.
Шығармашылық диктант - басқа диктанттардан ерекшелігі – оқушыларды ойлауға ұмтылдырады. Бұл диктантты орындау барысында оқушылар шығармашылық еңбекке үйренеді. Мұнда оқушылар сөздерді дұрыс орналастыру арқылы сөйлем құрау, тірек сөздер арқылы әңгіме құрау, сұраққа жауап бере отырып сөйлем құрау сияқты жұмыстар жүргізеді.
Конкурстық диктант - бұл диктант түрін тоқсан сайын бір рет өткізуге болады. Оған әр тоқсанда үйретілген жазылуы қиын сөздер алынады. Конкурстық диктант жарыс түрінде өткізіледі. Жарысқа түсу үшін сынып екі топқа немесе үш топқа бөлінеді.Қай топ диктантты сауатты әрі көркем жазса, сол топ жеңіске жетеді. Бұл диктант түрін алу барысында оқушылардың шапшаңдықтары артып, қызығушылықтары арта түседі.