Қабынған жерде іріңді, серозды немесе қан аралас сүйықтық түзіледі. Процесс реактивтілігі баяу науқастарда, қоздырғыштың төмен вируленттілігінде дамиды. Клиникалық көріністері – қабыну ошағында ауыр жұмыстан кейін және сүйекке пальпация жасағанда болар болмас ауырсыну болады. Дене қызуының көтерілуі, жергілікті қабыну белгілері сирек кездеседі. Қабыну бірде өршіп, бірде басылып жылдар бойы созылады. Рентгенограмада жілік метафизінің кемігінде диаметрі 2-2,5 см., шектелген қабыну ошағы анықталады.
Броди абсцессінің емі - сүйекке трепанация жасап, іріңді ошақты санациялап, тігіс салынып жабылады. Сүйектегі қуыс үлкен болған жағдайда оны бұлшықетпен тығындап пластика жасалады.
Склерозды Гарре остеомиелиті - біріншілік созылмалы остеомиелит, ағымы баяу, қабынған сүйек түн кезінде қақсап ауырады, дене қызуы көтеріліп, қан анализінде лейкоцитоз, ЭТЖ өседі. Рентгенограммада қабынған жілік склерозданады, жіліктің қуысы тарылып, біржолата склероздануы мүмкін, сүйектің диафизі ұршық тәріздес қалыңдайды (74-сурет).