Этиология және патогенезі. Көбінесе бұл ауру стафилококтармен шақырылады, басқа микробтар (стрептококк, пневмококк, энтеробактериялар, гонококк т. б.) сирек кездеседі.
Жедел іріңді артрит біріншілік және екіншілік деп бөлінеді. Буынға инфекция тікелей жаралануда түссе, біріншілік артрит дамиды. Екіншілік артритте буынға инфекция қан арқылы, алыстағы іріңді ошақтардан түседі немесе айналасындағы қабынған тіндерден енуі мүмкін. Буындағы өзгерістер қабыну кезеңіне байланысты болып келеді (серозды, іріңді, фибринозды). Процесс шеміршекке, эпифизге тараса остеоартрит дамиды. Қабынуда буынның синовиалды қабатында экссудация, гиперемия, ісіну, лейкоцитарлық инфильтрация орын алып, синовит дамиды. Қабыну процесі тоқтамаса, буын капсуласының флегмонасы, параартикулярлы флегмона, бұлшықетаралық іріңдіктермен асқынады. Көбінесе ірі буындар қабынады – тізе (гонит), жамбас (коксит), иық (омартит). 78-суреттерде асқынған иық буынының іріңді артритінде
іріңдіктердің бұлшықет аралықтарымен таралуы көрсетілген.