Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп секторының қазіргі жағдайын талдау
Шығыс Қазақстан облысы Алтай өңірі мен Ертіс, Зайсан, Алакөл, Тарбағатай аумағын алып жатқан алып өнеркәсіп салалары мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған өлке. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы өңірге жасаған сапарларының бірінде: «Шығыс Қазақстан, Алтай кең-байтақ еліміздің өңіріне тағылған алтын алқа», - деп бағалағаны есімізде. Облыс территориясының аумағы 283,23 мың шаршы километрді, солтүстігінде Ресей Федерациясымен, Оңтүстігінде Қытай Халық Республикасымен және Шығысында Алтай таулары арқылы Монғол Халық Республикасымен шектеседі. 2010 жылдың 1-қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, облыс халқының саны 1418,8 мың адам, оның ішінде қала тұрғындары 772,0 мың, ауыл тұрғындарының саны 646,8 мың адамды құрайды. Шығыс Қазақстан облысында 15 аудан, 10 қала, 3 кент және 786 ауылдық мекендер бар, әкімшілік орталығы - Өскемен қаласы. Шығыс Қазақстан облысының экономикасы мен өнеркәсібіндегі өзгерістер мен құбылыстар еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі кезеңдегі Қазақстан Республикасының экономикасы мен өнеркәсібінде орын алған көрсеткіштер мен жағдайлардан көп ауытқи қойған жоқ. Сол 1991-1999 жылдар аралығындағы құлдырау кезеңін бастан өткізіп, 2000-2009 жылдар аралығындағы өсу кезеңін, 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан әлемдік дағдарыстың теріс ықпалын бар болмысымен сезінді, облыс экономикасы мен өнеркәсібінің дамуының тенденциялары жалпы алғанда бүкіл ел экономикасы мен өнеркәсібіндегі даму трендіне сай. Әрине, кейбір бағыттарда аздаған ерекшеліктері болғанымен, жалпы алғанда біз 6.1 – бөлімінде талдаған жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан біз Шығыс Қазақстан облысының экономикасы мен соның ішіндегі өнеркәсіп секторының жағдайын соңғы бес жыл көлемінде, яғни 2005-2009 жылдар аралығында талдауды жөн деп таптық. Шығыс Қазақстан облысының 2005-2009 жылдар аралығында қалыптасқан негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін талдау үшін алдымен келесі кесте (6.9-кесте) мәліметтерін келтірейік. 6.9-кесте – Шығыс Қазақстан облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері
Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп өнімінің көлемі соңғы бес жылдың ішінде 260’239,9 млн. теңгеден 481’745,5 млн. теңгеге ұлғайған. Осы жылдар аралығында бұл көрсеткіштің үнемі өсуі байқалып, тек 2008 жылы ғана 2007 жылмен салыстырғанда 6018,7 млн. теңгеге азайған. Бұл жағдай әрине экономикадағы дағдарыстың тигізген салқыны деп бағалануы тиіс. Өнеркәсіп өнімінің ақшалай көлемінің ұлғаю динамикасын келесі суретте бейнелеуге болады (6.4 - сурет). Жалпылама алғанда 2005-2009 жылдардағы талдау мерзімінде ШҚО өнеркәсіп өнімінің көлемі 185,1%-ға ұлғайған. 4.9-кесте мәліметтерінде көрсетілгендей, ШҚО-да негізгі капиталға бағытталған инвестициялардың көлемі де тұрақты өсу үстінде болған. Тек қана соңғы 2009 жылы ғана алдыңғы 2008 жылмен салыстырғанда 21’450 млн. теңгеге азайып кеткен. Мұндай жағдайды да дағдарыстың теріс ықпалымен түсіндіруге болады. Ал 2005 – 2009 жылдар аралығын жалпы алатын болсақ негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 82’197 млн. теңгеден 139’926 млн. теңгеге дейін ұлғайған. 2008 жылы бұл көрсеткіш 161’376 млн. теңге мөлшерінде шарықтау шегіне жеткен. Талдау мерзімінде пайызбен есептегенде негізгі қорларға жұмсалған инвестициялардың мөлшері 170,2% - ға ұлғайған.
6.4-сурет - ШҚО өнеркәсіп өнімінің ақшалай көлемінің ұлғаю динамикасы Ескертпе: [168] – көзі мәліметтерінің негізінде автор дайындаған.
ШҚО – ның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 2005 – 2009 жылдардағы индекстерінің өзгерістері келесі 6.10 – кестесінде бейнеленген. 6.10 – кесте. ШҚО негізгі әлеуметтік – экономикалық көрсеткіштерінің индекстері*. Алдыңғы жылға шаққанда пайызбен (%)
Өңірдегі соңғы бес жылдағы өнеркәсіп өнімінің көлемінің индекстері 2005-2007 жылдар аралығында үнемі өсу үстінде болған, ал 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда 101 %-ға ұлғайып, өсу қарқыны төмендеген. 2009 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемінің индексі бес жылда алғашқы рет алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеген (99,1%). Мұндай нашар жағдайдың қалыптасуына өнеркәсіптік кәсіпорындар өнімінің көлемінің азайып, әлемдік нарықтардағы бағаларының төмендеуі және олардың өндірістік, материалдық және басқа шығындарының көбеюі теріс ықпалын тигізген. Сонымен қатар ШҚО бойынша негізгі капиталға жұмсалған инвестициялардың көлемі 2009 жылы күрт төмендеген (81,2%), тұрғын үйлерді салу мен қолданысқа енгізу көлемінің азаюы (87,9%) орын алған, жүк тасымалдау көлемі азайған (97,2%). Тек қана екі бағытта алдыңғы 2008 жылмен салыстырғанда өсім байқалған: ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 133,1%-ға ұлғайған және сауда саласындағы тауар айналымының көлемі 102%-ға өскен. Бұл көрсеткіштердің көпшілігі орташа республикалық осындай көрсеткіштердің деңгейінен төмен. Дәлірек айтсақ, ҚР бойынша өнеркәсіп өнімінің физикалық көлемінің индексі 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 102,7% құраса, ШҚО бойынша бұл көрсеткіш 93,6% құраған. ШҚО өнеркәсіп өнімін өндірушілер бағаларының индексі 2005-2007 жылдар аралығында үнемі өсу үстінде болған. 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 146,5%-ға ұлғайған. 2008-2009 жылдары өнеркәсіп өнімін өндірушілер бағаларының индексі сәйкес түрде 93,4%-ға және 95,4%-ға төмендеген. Есесіне тұтыну тауарлары бағаларының индексі 2005-2009 жылдар мерзімінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда үнемі өскен. Ірі, орта кәсіпорындарда, олардың филиалдарында, әлеуметтік салалар мен қаржы мекемелерінде жұмыс істейтін жұмыскерлердің орташа айлық номиналдық жалақысының мөлшері 2005 жылғы 27’688 теңгеден 2009 жылы 53’486 теңгеге дейін екі есеге жуық ұлғайған. Ал, шағын кәсіпорындарда жұмыс атқаратын жұмыскерлердің жалақы мөлшерін ескерсек, бұл көрсеткіш төмен. Мысалы 2009 жылы 50’209 теңгені құраған. ШҚО тұрғындарының өмір сүру деңгейіне келсек, оларды төмендегі көрсеткіштердің негізінде талдауға болады (6.11-кесте). 6.11-кесте. ШҚО тұрғындарының өмір сүру деңгейінің негізгі әлеуметтік-экономикалық индикаторлары*
Тұрғындардың өмір сүру деңгейінің негізгі әлеуметтік-экономикалық индикаторларының арасында бір жұмыскерге шаққандағы орташа айлық номиналдық жалақы мөлшері 2005 – 2009 жылдар аралығында 26’624 теңгеден 50’209 теңгеге дейін өскен. Бес жылдағы өсім қарқыны 188,6% құраған. Ал тағайындалған айлық зейнетақының жыл соңындағы есеппен алынған мөлшері 2005 жылы 12’535 теңгені құраса, 2009 жылы 25’939 теңгені құрап, жалпы өсімі 206,9% болған, яғни екі еседен артық өскен. Бір айдағы өмір сүруге қажетті қаражаттың ең төменгі шамасы 2005 жылы 7863 теңгеден 2009 жылы 11’912 теңгеге дейін өскен. Әрине, қазіргі уақыттағы бағалардың өсу қарқыны мен инфляцияның мөлшерін ескерсек, мұндай төмен деңгейдің шындыққа жанаса қоймайтындығына көз жеткізуге болады. Өзін-өзі адам деп сезінгісі келген азамат 11’912 теңгеге бір ай бойы өмір сүруі өте қиын. Таяуда Алматы қаласының бір тұрғыны бір ай бойы еліміз бойынша дәл осындай анықталған көрсеткіш деңгейінде өмір сүріп көру тәжірибесін өткізгенін білеміз. Соның нәтижесінде ол бірнеше килограммға арықтап, денсаулығының нашарлағанын байқаған, одан кейін де осылай өмір сүре берсе, денсаулығынан айырылатынын анықтаған. Елімізде адам басына шаққанда бір айда 11’912 теңге немесе одан төмен мөлшерде табыс табатын адамдардың санының көп екендігі ешкімге жасырын емес. Әлемдік стандарттар бойынша күніне 1 АҚШ долларынан төмен табыс табатын адамдар кедейлер қатарына жатқызылады. Ал ШҚО өмір сүрудің ең төменгі деңгейі айына 11’912 теңгемен өлшенсе, 1 айда орта есеппен 30 күн бар деп есептеп, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы 2009 жылдың соңындағы бағамы мөлшермен 148 теңге болғанын біле отырып, есеп жүргізсек 1 күнде 397 теңге, яғни 2,68 АҚШ долларынан келеді екен. Яғни, біздің кедейлер әлемдік стандарттар бойынша анықталған кедейлермен салыстырғанда 2,68 есе «бай» екендігін байқаймыз. ШҚО өнеркәсіптік аймақ болғандықтан әрбір жұмыскерге шаққандағы орташа айлық номиналдық жалақы мөлшерінің өсу немесе кему қарқыны да аса маңызды көрсеткішке айланатыны рас. Келесі 6.12-кестесінде ШҚО бойынша соңғы сегіз жылдағы, яғни 2002-2009 жылдардағы жалақы мөлшерінің өзгеру динамикасы салыстырмалы түрде көрсетілген. 6.12 – кесте. Бір жұмыскерге шаққандағы орташа айлық номиналдық жалақының ШҚО бойынша өзгеруі.
Өңір бойынша 2002 жылдан бастап 2009 жылға дейінгі кезеңде бір жұмыскерге шаққандағы орташа айлық номиналдық жалақының өсімі 17’759 теңгеден бастап 50’209 теңгеге дейін ұлғайған. Сегіз жылдың ішінде 282,7% - ға немесе үш есеге жуық өскен. Оның ішінде өсім ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің жалақысында қарқындырақ байқалады. Мұндай кәсіпорындардағы орташа айлық жалақының мөлшері 2002 жылы 18’816 теңгені құраса, 2009 жылы 53’486 теңге болған, яғни 284,3%-ға ұлғайған. Басқаша айтсақ, ірі және орта кәсіпорындардағы орташа айлық жалақы мөлшері шағын кәсіпорындардағы жалақымен салыстырғанда жоғары болып қана қоймай, қарқынды өскен. Дегенмен 2009 жылғы орташа айлық жалақы мөлшері ҚР бойынша есептелген орташа айлық жалақы мөлшерінен төмен деңгейде қалуда. Шығыс Қазақстан облысының еңбек нарығындағы жағдай қалыпты болып қалуда. Басқа өңірлермен салыстырғанда халықтың еңбекпен қамтылу деңгейі біршама жақсы деуге негіз бар. Оны статистикалық мәліметтермен қатар қарапайым бақылаулардың нәтижесінде байқауға болады. Мысалы, былтырғы жылы «Жол картасы-2008» өңірлік бағдарламасына сай жол жөндеу, құрылыс және басқа жұмыстарға тартылған жергілікті тұрғындардан басқа еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген жұмыскерлердің саны да қомақты. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмысшы, мамандарды жұмысқа шақыру жөніндегі құлақтандырулардың да саны жеткілікті. Жұмыспен қамтылу тұрғысынан келгенде ШҚО еліміздің бір ыңғайлы өңірлерінің қатарына кіреді. Дегенмен, еңбек нарығының негізгі индикаторларын шолып көрейік (6.13-кестеде көрсетілген). 6.13 – кесте. ШҚО еңбек нарығының негізгі индикаторлары (тұрғындардың жұмыспен қамтылу жағдайын зерттеу материалдары бойынша)
Экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың үлесі 2009 жылы (764 мың адам) барлық тұрғылықты халықтың (1418,8 мың адам) 53,8% құраған. Оның ішінде тұрақты жұмыс істейтін халықтың (715,1 мың адам) үлесі 50,4% болған. Облыс тұрғындарының экономикалық тұрғыдан белсенді бөлігінің үлесі 2005 жылы 65,2% құраса, 2009 жылдың соңына қарай 67,0% дейін ұлғайған және керісінше экономикалық тұрғыдан белсенді емес, енжар бөлігінің үлесі 2005 жылы 34,8% болса, бұл көрсеткіш 2009 жылы 33%-ға дейін азайған. Ресми түрде мемлекеттік тіркеу бөлімдерінде жұмыссыз ретінде тіркелген халықтың да саны 2005 жылы 53,6 мыңнан 2009 жылы 48,9 мыңға дейін азайған және жұмыссыздардың жалпы үлесі 2005 жылғы 7,1%-дан 2009 жылы 6,4%-ға дейін төмендеген. Яғни, жұмыссыздық деңгейі жөнінен ШҚО көрсеткіштері қазіргі уақытта қаржылық-экономикалық дағдарысты бастарынан өткізіп отырған АҚШ, Еуропа мемлекеттеріндегі жұмыссыздық деңгейінен де төмен. Мұндай оңтайлы жағдайдың қалыптасуына ел Президентінің нұсқауымен ҚР Үкіметі тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар жүйесі ықпалын тигізді. Қаржы, өндіріс, өнеркәсіп салаларына қаржылай көмек беріп, «Жол картасы» бағдарламасын мемлекет тарапынан қабылдап, аймақтар деңгейінде жүзеге асырудың нәтижесінде жұмыссыз халық жұмысқа тартылды, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жұмыскерлерді қысқарту мәселесі жеңілдетіліп шешілді. Дағдарыс кезеңіндегі ҚР Үкіметінің жүзеге асырған шаралар жүйесін ХХ – ғасырдың 30 – жылдары АҚШ – да орын алған «Ұлы күйзеліс» кезеңіндегі сол кезде билік басында болған Франклин Делано Рузвельттің үкіметінің жасаған шаралары мен іс - әрекеттеріне ұқсатуға болады. Әрине ел басшылығы жемісті жүзеге асырған шаралар жүйесінің өзіндік ерекшеліктері де бар, дегенмен жалпы бағыты мен тұжырымдамалары ұқсас. Дағдарысқа қарсы өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру барысында жергілікті халықтың жекелеген өкілдері тарапынан түсінбеушіліктер де орын алды. Атап айтсақ, кейбір қала тұрғындары «Жол картасы» бағдарламасына сай ұсынылған жұмыстарды жалақысы аз деп атқарғысы келмейді, олардың орнына ауыл тұрғындары мен жұмыссыз жастар жұмысқа тартылды. Мұндай жекелеген жағдаяттар елімізідің басқа өңірлерінде де байқалған, оны қалыпты жағдай деп қабылдауымыз керек. Ендігі жерде еңбек етуге қабілетті жастағы экономикалық тұрғыдан белсенді және экономикалық тұрғыдан белсенді емес, енжар халықтың саны мен ара салмағын 6.14-кестенің мәліметтері негізінде шолып көрейік. 6.14 – кесте. ШҚО еңбекке жарамды жастағы тұрғындарының экономикалық тұрғыдан белсенді және белсенді емес, енжар бөліктерінің саны (мың адам).
Экономикалық тұрғыдан белсенді халық соның ішіндегі экономика салаларында жұмыс істейтін, тұрақты жұмысы бар халықтың үлесі 2005 – 2009 жылдар аралығында ұлғайған. Мысалы, 2005 жылы экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың санындағы (748,2 мың адам) тұрақты жұмыс істейтіндерінің үлесі (694,9 мың адам) 92,9% құраса, 2009 жылы бұл көрсеткіш (760 мың адамның 711,2 мыңы) 93,6% болған. Яғни, экономиканың әртүрлі салаларындағы мекемелер мен кәсіпорындарда тұрақты жұмыс істейтіндердің үлесі жалдамалы жұмыс пен өзіне - өзі жұмыс істейтіндердің үлесімен салыстырғанда ұлғайған. Өңірдегі ресми тіркелген жұмыссыздардың саны да 2005 жылмен (53,4 мың адам) салыстырғанда 2009 жылдың (48,8 мың адам) қорытындысы бойынша жалпы саны 4,6 мың адамға азайған. Яғни, 4600 адам жұмыс тауып, 4600 отбасына табыс көзі келе бастады деген тұжырым жасауға негіз бар. Бұл көрсеткіш бойынша жұмыссыздар саны 2009 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға азайған. Сонымен қатар экономикалық тұрғыдан белсенді емес (енжар) халықтың, оның ішінде әртүрлі себептермен жұмыссыз жүргендердің саны да, үлесі де талдап отырған мерзімде айтарлықтай азайғандығын атап өткен жөн. Енді жұмыс істейтін халықтың қай бағытта және қандай формада жұмыс атқарғандығына келсек, олардың жұмыспен қамтылу мәртебесіне байланысты үлестіру бағыттарын жоғарыдағы 6.5 – суретінде 2009 жылдың мәліметтері негізінде көрсетуге болады. 2009 жылы ШҚО бойынша жалдамалы жұмыскерлердің үлкен бөлігі (45,8%) мемлекеттік емес, жекеменшік формасындағы кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыс атқарған. Мемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс атқаратындардың үлесі 30,2% құраған, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалардың құрған кәсіпорындарында тұрақты жұмыс істейтіндердің үлесі 16,2% болған және ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтарында барлық тұрақты жұмыс жасайтындардың үлесі 7,8% құраған. Ал, өз бетімен дербес жұмыс жасайтын адамдардың жартысынан артығы (55,2%) өздерінің жеке меншік үй шаруашылықтарымен айналысқан. Олар ауылды жерде мал өсіру, бау – бақша салу тәрізді жұмыстарын атқарған. Түптеп келгенде оларды да жұмыссыздар қатарына жатқызуға болады. Аталған категорияға жататын халықтың үштен бірінен көбі (34,5%) жеке кәсіпкер ретінде заңды тұлға түрінде құрылмастан, әртүрлі сауда – саттық, қызмет көрсету сияқты жұмыстармен айналысады. Уақытында мемлекеттік тіркеуден өтіп, төлеуге тиісті салықтары мен зейнетақы аударымдарын төлеп тұрады. Өзіне - өзі жұмыс істейтіндердің 10,0% жұмыс берушілерге жалданып жұмыс атқарады. Мұндай тұлғалар көбінде отбасылық бизнеспен, туған – туыстары, көрші – қолаңдары, ауылдастарына жалданып, ресми тіркелместен жұмыс жасай береді. Өндірістік кооперативтерде жұмыс істейтіндердің үлесі өте аз (0,3%). Олар көбінде жеке кооперативтерде уақытша жалданып жұмыс істейтіндерден тұрады, жеке тапсырыстарды орындайды.
6.5 – сурет. 2009 - жылы ШҚО бойынша жұмыс істеу мәртебесі бойынша жұмыс атқаратын тұрғындардың үлесі (пайызбен, %) Ескертпе: [168] – көзі мәліметтері негізінде автор дайындаған.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыс істейтін халықтың ең үлкен бөлігі (30,4%) ауыл шарушылығы, орман, балық шаруашылығы мен аң аулау салаларында жұмыспен қамтылған. Оның себебі ШҚО ірі өнеркәсіп орталығы ғана емес, ауыл шаруашылығы кешені де жеткілікті деңгейде дамыған ірі өңір. Ауыл шаруашылығын дамытуға ШҚО табиғатының жағдайы да үлкен мүмкіндік береді. Бұл өңірде табиғат байлықтарының барлық түрлері кездеседі: Алтай, Тарбағатай таулы өңірлері, Зайсан, Алакөл, Ертіс су алаптары, далалық және жартылай шөлейт алқаптар да жеткілікті. Өнеркәсіп салаларында жұмыспен қамтылған халықтың 14,2% жұмыс істейді. Облыс тұрғындарының 2009 жылы экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыс істейтіндерінің үлестірілу дәрежесін келесі 6.6 – суретте көрсетуге болады. Қорытындыға шаққанда пайызбен (%)
6.6 – сурет. ШҚО бойыша 2009 жылы жұмыс істейтін халықтың экономикалық қызмет түрлері бойынша үлестірілуі (халықтың жұмыспен қамтылу дәрежесін зерттеу материалдары бойынша). Мұндағы: Ауыл шаруашылығы, аң аулау, орман және балық шаруашылығы – 30,4%; өнеркәсіп – 14,2%; сауда, автокөліктер мен тұрмыстық бұйымдар жөндеу – 14,0%; білім беру – 8,8%; көлік және байланыс – 7,0%; құрылыс – 5,3%; денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – 4,9%; басқа салалар – 15,4%. Ескертпе: [168] – көзі материалдары негізінде автор дайындаған.
Өнеркәсіп орындары Өскемен, Семей, Риддер, Зырян қалаларында молынан шоғырланған. Әлеуметтік – бюджеттік салаларды қамтитын білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларында жұмыс істейтін халықтың 13,7% (8,8%+4,9%) қызмет етеді. Көлік және құрылыс салаларында сәйкесінше 7,0% және 5,3% жұмыс атқарады. Ал басқа салаларда жұмыспен қамтамасыз етілген халықтың 15,4% жұмыс істейтіні белгілі болды. Облыстың аумағында орналасқан ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс атқаратындардың 2009 жылдағы санының 2008 жылдағы санымен салыстырғандағы өзгерісін 6.15 – кестеден көрсетуге болады. 6.15 – кесте. ШҚО бойынша 2009 жылы ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін жалдамалы жұмыскерлердің саны*
Жоғарыдағы кесте мәліметтерін байқап отырсақ, 2009 жылы ШҚО ірі және орта кәсіпорындарындағы жұмыскерлердің саны 2008 жылмен салыстырғанда 97,7% құрап, жалпы саны 6940 адамға қысқарған. Жұмыскерлердің саны қызмет көрсету бағыттарына жататын қонақ үйлер мен мейрамханалар (118,5%), мемлекеттік басқару (103,4%), білім беру (100,4%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (100,7%) және басқа коммуналдық, әлеуметтік және дербес қызметтер көрсету (110%) салаларында ғана аздап көбейген, ал басқа салалардың барлығында, соның ішінде өнеркәсіп саласында ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің саны қысқарған. Өнеркәсіп саласын жалпылама алатын болсақ, 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда жұмыскерлердің саны 92,4% құраған, яғни 6260 адам жұмыстан босаған. Өнеркәсіп салаларының ішінде неғұлым үлкен қысқарту өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында (89,7%) және олармен тығыз байланыста жұмыс істейтін тау – кен өнеркәсібінде (95,6%) орын алған. Жалпы ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс атқаратын жұмыскерлердің барлық негізгі және шешуші салалардағы санының 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда азаюы болашақта облыстағы әлеуметтік жағдайдың шиленісуіне, қиындауына алып келуі мүмкін. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі жұмыскерлер санының қысқаруы алаңдауышылық тудырады. ШҚО ірі және орта кәсіпорындарында жұмыс істейтіндердің орташа айлық жалақыларының деңгейін келесі 6.7 – суретінде бейнелеуге мүмкіндік бар. 2009 жылғы ШҚО ірі және орта кәсіпорындарындағы жұмыскерлердің орташа айлық жалақысының мөлшерлері жалпы республикалық деңгейден төмен екендігі байқалады. Облыс кәсіпорындары жұмыскерлерінің арасындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында (32199 теңге), коммуналдық, әлеуметтік және дербес қызмет көрсету саласында (34063 теңге), білім беру саласында (40489 теңге), денсаулық сақтау саласында (46133 теңге) байқалады. Сауда, автокөлік және тұрмыстық бұйымдарды жөндеу қызметтері саласындағы төменгі жалақының (43808 теңге) орнын жасырын табыстар арқылы толтыруға болатынын ескеру қажет.
теңге
6.7 – сурет. ШҚО 2009 жылдағы ірі және орта кәсіпорындары бойынша орташа айлық номиналдық жалақы мөлшерлері*. Ескертпе: [168] – көзі мәліметтерінің негізінде автор дайындаған. * - кәсіпкерлік қызметпен шұғылданатын шағын кәсіпорындар жұмыскерлерін есептемегенде. Ал, мемлекеттік басқару ұйымдарындағы жалақы мөлшері сол мемлекетте, өңірде қалыптасқан орташа жалақы деңгейінде болуы заңды құбылыс. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, жалгерлік және кәсіпорындарға қызмет көрсету саласында (56144 теңге), құрылыс (63632 теңге), өнеркәсіп (66046 теңге), көлік және байланыс (66047 теңге) және қаржылық қызмет көрсетуші мекемелердегі (76275 теңге) орташа айлық жалақы мөлшері облыстық орташа жалақы мөлшерінен жоғары. Осы тұрғыда күрмеуі шешілмей келе жатқан бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Кез – келген мемлекеттің, оның экономикасы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруы қоғамның, сол қоғамда өмір сүріп жатқан халықтың ең алдымен денсаулығы мен білім дәрежесіне тікелей байланысты екендігі әлімсақтан белгілі. Экономиканың кез – келген саласында жұмыс атқаратын адам білім саласынан білім алып шығады, өз денсаулығын алдыңғы орынға қояды. Президент те, министр де, депутат та, прокурор да, ғалым немесе дәрігер де, инженер мен жұмысшы да білім орындарында білім нәрімен сусындайды. Сондықтан еліміздің стратегиялық тұрғыдан дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен жүйелі түрде білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жұмыскерлердің жалақы мөлшерін ең жоғарғы деңгейге жеткізу қажет. Өркениетті елдердегідей жоғары еңбекақы төленетін білім беру және денсаулық салаларына неғұрлым қабілетті және талантты тұлғалардың келуін қамтамасыз ету арқылы ел болашағының жарқын болуына іргетас қалауға мүмкіндік туады. Шығыс Қазақстан экономикасы салаларында қалыптасқан бағалар динамикасын талдаудың маңызы зор деп ойлаймыз. Себебі баға деңгейі жекелеген өнеркәсіп салаларының дамуына, олардың өндіретін өнімдеріне деген тұтынушылық сұраныстың қалыптасуына, соның нәтижесінде экономикадағы кәсіпкерлік белсенділік пен инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етуде зор ықпалын тигізеді. 2005 – 2009 жылдар аралығында ШҚО экономикасының салалары бойынша қалыптасқан бағалар индексін 6.16 – кестенің мәліметтері негізінде талдауға болады. 6.16 – кесте. Экономика секторлары бойынша бағалар индекстері. Алдыңғы жылмен салыстырғандағы пайызбен (%)
Кесте мәліметтерінде көрсетілгендей талдау мерзіміндегі ШҚО тұтыну бағаларының индексі 2005 – 2007 жылдар аралығында тұрақты өсіп, 2007 жылы 116,1% деңгейіндегі шарықтау шегіне жеткен. Ал 2008 жылдан бастап (110,5%) алдыңғы жылмен салыстырғанда тұтыну бағаларының индексінің өсу қарқыны бәсеңдей бастаған. 2009 жылы аталған индекс (105,7%) деңгейінде тоқтаған. Мұндай тенденцияға ең алдымен азық – түлік тауарлары бағаларының индексінің динамикасы әсер еткен. Өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің бағаларының индексі 2005 – 2006 жылдары барынша шарықтап өсіп (сәйкесінше 123,2% және 154,7%), 2007 – 2008 жылдары (98,0% және 73%) күрт құлдыраған. Бұл жерде дағдарыстың ықпалына тоқтала кетпеу мүмкін емес. Ал, 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғандағы өнеркәсіп өнімдерінің бағаларының индексі 141,2% - ға дейін шарықтаған. Өнеркәсіптегі бағалардың индексінің мұншама қарқынды өсуі осы сала кәсіпорындарының дағдарыстың теріс әсерін еңсере бастағандығымен және олардың өнімдеріне деген әлемдік нарықтардағы бағалардың оң тренд көрсетуімен түсіндіріледі. Төмендегі суретте бейнеленгендей, ҚР мен ШҚО экономикасының әртүрлі салаларындағы бағалар мен тарифтердің индекстерін салыстырмалы түрде талдаған кезде 2009 жылы ҚР бойынша тұтыну бағалары индексі (106,2%) алдыңғы жылмен салыстырғанда ШҚО бойынша тұтыну бағалары индексінен (105,7%) төмен болған, ал өнеркәсіптік өнімдердің бағаларының индексі ШҚО бойынша 10,2% - ға ҚР бойынша өнеркәсіптік өнімдер бағаларының индексінен жоғары деңгейде қалыптасқан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағаларының өсу қарқыны да республикалық деңгейден жоғары болған. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы мен Шығыс Қазақстан облыс экономикасының әртүрлі секторларындағы бағалар мен тарифтер индексінің салыстырмалы трендтерін келесі суретте кескіндеуге болады (6.8 – сурет).
6.8 – сурет. 2009 жылдағы Қазақстан Республикасы мен Шығыс Қазақстан облысы экономикасының әртүрлі секторларындағы бағалар мен тарифтер индекстері. 1 – тұтыну бағаларының индексі; 2 - өнеркәсіп өнімін өндірушілердің бағаларының индексі; 3 – ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бағаларының индексі; 4 – құрылыстағы бағалар индексі; 5 – жүк тасымалдары тарифтерінің индексі. Ескертпе: [161; 168] – көзі мәліметтерінен алынды.
Қалған екі саладағы, яғни құрылыстағы бағалар индексі мен жүк тасымалы тарифтерінің индексі республикалық деңгеймен салыстырғанда сәйкесінше 103,7% және 96,2% құрап, төмен болған. ҚР бойынша көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалы тарифтерінің өсуі (101,3%) жағдайында ШҚО бұл көрсеткіш керісінше кеміген (2008 жылмен салыстырғанда 96,2% құрап, 3,8% - ға арзандаған). Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсібінің негізгі көрсеткіштерін талдау мақсатында олардың 2005 – 2009 жылдар аралығындағы өзгерістерін көрсететін және тәуелсіздік алғаннан бергі 18 жыл ішіндегі кейбір өзгерістерін баяндайтын 6.17 – кестесін келтіруге болады. 6.17 – кесте. ШҚО өнеркәсібінің негізгі көрсеткіштері
Жоғарыда бейнеленген маңызды кестенің мәліметтеріне сүйене отырып келесі негізгі қорытындылар мен тұжырымдар жасауға болады: - ШҚО өнеркәсіп саласында жұмыс атқаратын кәсіпорындар мен өндірістерінің саны 2005 жылғы 1499 бірліктен 2009 жылы 892 бірлікке дейін азайған, яғни осы мерзім аралығында 40,5%-ға қысқарған. Бұл жағдайды осы саладағы бәсекелестік жағдайында нарық талаптарына төтеп бере алмаған, бәсекелестік қабілеті төмен өнеркәсіптік кәсіпорындар мен өндірістердің бірігуі, жұтылуы, банкроттыққа ұшырауы деп бағалаған жөн. Бір сөзбен айтқанда саннан сапаға көшу процестері жүріп жатыр; - талдау мерзімінде өнеркәсіп өнімінің көлемінің 2005 жылмен (260,2 млрд. теңге) салыстырғанда 2009 жылы (481,7 млрд. теңге) 185,1%-ға ұлғайғандығы байқалады. Өнеркәсіп кәсіпорындарының саны азайғанымен олардың өндіретін өнімдерінің көлемі ұлғайған. Мұны өнеркәсіп кәсіпорындарының көлемінің іріленуі, өндіріс өнімділігінің артқандығы және олардың өнімдеріне деген сұраныс пен бағалардың өскендігі деп бағалауға болады. Дегенмен ол көрсеткіштің өсуіне инфляцияның да ықпалын ұмытпаған жөн; - өнеркәсіп кәсіпорындары өндіретін өнімдердің жалпы өңірлік өнімдегі үлесінің 2005 жылдан бері үнемі азайып келе жатқандығы (33,3%-дан 28,5%-ға дейін) алаңдаушылық тудырады. Тек 2009 жылы ғана 2008 жылмен салыстырғанда 29,4% деңгейіне дейін жоғарылағаны көңілге үміт ұялатады. Өнеркәсіптің экономикадағы үлесінің азаюы өңірдегі инновациялық-индустриалдық даму бағдарламаларының жемісті жүзеге асуына кедергісін келтіре ме деген күмән туындайды; - өнеркәсіп өнімінің физикалық көлемінің индексі 2005-2007 жылдар аралығында жоғарылап, 2008 жылдан бастап қарқыны бәсеңдеген. Ал 2009 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 99,1% құрап, азайған. Сонымен қатар тәуелсіздік алған 1991 жылдың деңгейімен салыстырғанда 96,0% құрап, ол деңгейге жете қоймаған, ал 1995 жылдың дәл осындай көрсеткіштерімен салыстырғанда 2008 жылға дейін аса қарқында ұлғайып келген де, 2009 жылы сол жылдың деңгейіне түсіп қалған. Өнеркәсіп өнімінің физикалық көлемінің индексі 1995 жылдың деңгейіне дейін күрт түсіп қалуы өңір экономикасының осы саласында бір жүйелі дағдарыстың орын алғандығының дәлелі; - өнеркәсіптік ба
|