Лттық қауіпсіздіктің сыртқы саяси қырлары
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ). Халықаралық қауымдастық ядролық қарусыздандыру саласындағы басты құжатты – Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) орындау жөнінде батыл іс-шаралар қолданудың өткір қажеттігін толық дәрежеде түсінуге тиіс. Бұл үрдісте «ядролық бестік» (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай) елдеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Қазақстан ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан мемлекет ретінде ядролық қарудың таралмауы және оған бақылау орнату саласында белсенді саясат жүргізеді. Өзінің тәуелсіздігі кезінде Қазақстан елдің ядролық қарудың таралмау режимін нығайтуға деген бекем ниетін дәлелдеген бірқатар нақты шараларды жүзеге асырды. Оларға мыналар жатады: · Семей ядролық-сынақ полигонын жабу; · Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуы; · барлық ядролық оқтұмсықтарды Қазақстан аумағынан әкету; · бұрынғы КСРО-ның мирасқоры ретінде АҚШ пен КСРО арасындағы стратегиялық шабуыл қару-жарағын қысқарту және шектеу туралы шартқа қатысу; · бұрынғы КСРО-ның мирасқоры ретінде КСРО мен АҚШ-тың орта және шағын қашықтықтағы ракеталарды жою туралы шартқа қатысу; · Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) мүшелікке өту және республиканың барлық ядролық нысандарына МАГАТЭ-нің кепілдігін орнату; · бұрынғы әскери кешендерде қолданыста болған сынақ полигондары мен ғылыми-техникалық әлеуеттердің инфрақұрылымын конверсиялау; · Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қою, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және Жаһандық мониторингілік желіге енгізілген сейсмикалық стансаларды жаңғырту жөніндегі белсенді жұмыс. Семей ядролық сынақ полигонының КСРО-ның өмір сүруі кезеңінде-ақ 1990 жылы жабылғаны ядролық қаруды таратпау жөніндегі болашақ саясаттың негізін қалаған алғашқы қадам еді. Қазақстан Лиссабон хаттамасына қатысушылардың арасында ядролық қаруды тасымалдауға қатысты ережені бірінші болып іске асырды – 1995 жылғы 30 мамырда Семей полигонындағы оқпанда орналасқан соңғы ядролық сынақ зарядын жойды. «Ядролық мұраны» жоюмен бір мезгілде Қазақстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту бағытын жүргізе бастады. Республика мемлекеттің ядролық қарусыз мәртебесін тиянақтаған ЯҚТШ-ға қол қойды және бұл шартты 1993 жылғы 13 желтоқсанда бекітті. Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі 1995 жылғы шартқа қатысушылардың конференциясы барысында қабылданған және ЯҚТШ-2000 конференциясының барысында қолдау тапқан «Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану принциптері мен мақсаттарын» толық қолдады, оларда ядролық қарудан азат аймақтар құруды көтермелеу туралы ереже басым міндеттердің бірі ретінде негізделген. Қазақстан Республикасы ЯҚТШ-қа қатысушы мемлекеттердің 2005 жылғы мамырда Нью-Йоркте өткен конференциясына қатысты. Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың жобасын әзірлеу жөніндегі келіссөз үрдісіне белсене қатысады. Орталық Азия мемлекеттерінің өңірде 1997 жылғы 28 ақпандағы Алматы декларациясында айтылған бастамасы ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы маңызды қадамға айналуға тиіс. Қазақстанның бастамасы бойынша 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ тарапынан «29 тамыз (Семей полигонының жабылған күні) – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні» деп жарияланды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Қазақстан Респубикасы Президентінің «ядролық қарусыз әлем» ойын қолдады.
|