Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану мен орман өсіру саласындағы мемлекеттік басқару және бақылау.
Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады. Орман қорының жерi мемлекеттiк және жекеше орман қоры жерiнен тұрады. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттiк орман қорының жерiне жатады. Жекеше орман қоры жерiне кодекске сәйкес орман өсiру үшін нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен отырғызылған қолдан өсiрiлген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорман-мелиорациялық екпелер өсiп тұрған жер жатады. Орман қоры жерiндегi орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн. Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшін жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшін алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нітижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс. Орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшін орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшін алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеудiң нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. Мемлекеттiк орман қорына: ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiндегi (орманды және ағаш өспеген алқаптарды қоса алғанда) табиғи және қолдан өсiрiлген ормандар; табиғи және қолдан өсiрiлген ормандар, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры жерлерiндегi орман шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген, орман өсiмдiктерi өспеген жер учаскелерi; халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральды құбырлардың және басқа желiлiк құрылыстардың белдеулерiндегi енi он метр және одан көбiрек, алаңы 0,05 гектардан астам қорғаныштық екпелерi жатады. Жекеше орман қорына Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес орман өсіру үшін нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен жасалған, енi он метр және одан көбiрек, алаңы 0,05 гектардан астам қолдан өсiрiлген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорманмелиорациялық екпелер жатады. Орман қорына: мемлекеттiк орман қорының жерiнен тыс орналасқан жекелеген ағаштар және көлемi 0,05 гектардан кем шоқ ағаштар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегi бұта өсiмдiктер; қала ормандары мен орманды саябақтарды қоспағанда, елдi мекендер шекарасы шегiндегi жасыл желектер; үй маңындағы, саяжайлар мен бау-бақша учаскелерiндегi ағаштар мен бұталар кiрмейдi. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк орман қоры мемлекеттiк меншiк объектiлерiне жатады және республикалық меншiкте болады. Жекеше орман қоры учаскелерiн иеленудi, пайдалану мен оған билiк етудi, орман кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес, жекеше орман иеленушiлер жүзеге асырады. Орман қорының жерлерi мемлекеттiк және жекеше орман қоры жерлерiне бөлiнедi. Мемлекеттiк орман қорының жерлерiне табиғи түрде ағаш өскен, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен қолдан ағаш өсiрiлген және ағаш өспеген (орманды және ағаш өспеген алқаптар), орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген жерлер жатады. Жекеше орман қорының жерiне Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес орман өсіру үшін нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен қолдан ағаш өсiрiлген, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорманмелиорациялық екпелер өсiрiлген жерлер жатады. Мемлекеттiк орман қоры жерлерiнiң шекарасы жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде орман орналастыру материалдарының негiзiнде белгiленедi және нақтыланады. Мемлекеттiк орман қорының жерлерiн сатып алу-сату, кепiлге беру және басқа мәмiлелер жасасу арқылы иелiктен шығаруға жол берiлмейдi. Орман қорының жерлерiн беру, алып қою және пайдалану тәртiбi орман кодекспен, Қазақстан Республикасының жер және азаматтық заңдарымен айқындалады. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану құқығы тендер нәтижелерi туралы хаттама және сол негiзге алынып жасалған шарт негiзiнде туындайды. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде қысқа мерзiмдi орман пайдалану құқығы орман билетiнiң негiзiнде туындайды. Орман пайдаланушы жеке тұлға қайтыс болған жағдайда оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен басқа адамға ауысады. Орман пайдаланушы заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде оған тиесiлi орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры - заңды тұлғаға ауысады. Орман пайдалану құқығы - орман пайдалану түрi сақталғанда ғана, құқық мирасқорында орман пайдалануды жүзеге асыру үшін қажеттi қаражат пен өндiрiстiк қуаттар және облыстық атқарушы органдар айқындайтын тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандар болған жағдайда, ал орман пайдалану жөнiндегi қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылатын жағдайда лицензиясы бар болған кезде ғана ауысуы мүмкін. Орман пайдалану құқығының ауысуы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартына, ағаш кесу билетiне, орман билетiне өзгерiстер енгiзу арқылы ресiмделедi. Жекеше орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекеше орман иеленушi айқындайтын тәртіппен туындайды. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға тендер хаттамасы негiзiнде және кейiн қарауында мемлекеттiк орман қоры учаскелерi бар уәкiлеттi орган немесе облыстық атқарушы орган мен орман пайдаланушы арасындағы шартпен ресiмделе отырып берiледi. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары орман пайдалануды жүзеге асыру үшін қаражаты мен өндiрiстiк қуаттары және тиiстi бiлiктiлiкке ие мамандары бар орман пайдаланушыларға 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiледi. Орман ресурстарын сүрек дайындау үшін ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берген жағдайда, орман пайдаланушына мемлекеттiк орман қоры учаскесiнде сүрек ресурстары орман орналастыру материалдарына сәйкес сүрек ресурстарын ұдайы және сарқылмайтындай етiп пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндiк беретiн, бiрақ орманшылық алаңынан аспайтындай етiп берiледi. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру сол аумақта тұратын халықтың мүдделерi ескерiле отырып, жария жүзеге асырылуға тиiс. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген, пайдаланылмаған орман ресурстары шарт мерзiмi өткен соң орман пайдаланушының меншiгiне ауыспауға тиіс. Мемлекеттiк орман қорында орман пайдаланудың: сүрек дайындау; шайыр, ағаш шырындарын дайындау; қосалқы сүрек ресурстарын (қабықтар, бұтақтар, түбiрлер, тамырлар, жапырақтар, бүршiктер) дайындау; жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, бау-бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрiлiк шөптер мен техникалық шикiзаттар, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман жамылғысы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау мен жинау); мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетi үшін пайдалану; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаты үшін пайдалану; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшін пайдалану түрлерi жүзеге асырылуы мүмкін. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану орман ресурстарын алып қойып, сондай-ақ оларды алмай да жүзеге асырылуы мүмкін. Мемлекеттiк орман қоры учаскесi орман пайдаланудың бiр немесе бiрнеше түрлерiн жүзеге асыру үшін бiр немесе бiрнеше орман пайдаланушыға берiлуi мүмкін. Орман пайдаланудың белгiлi бiр түрлерiн жүзеге асырған кезде орман ресурстары мен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi жер кoдекске сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады. Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласындағы заң бұзушылықтар: орман қорындағы орман орналастыру мен орман шаруашылығы белгiлерiн жою немесе бұлдiру; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн сатып алу-сату, сыйға тарту, кепiлге беру, өз бетiнше иелену мен айырбастау, сондай-ақ орманға мемлекеттiк меншiк құқығын бұзатын орман пайдалануды жүзеге асыру құқығын өз бетiмен басқа бiреуге беру; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн тиiстi рұқсатсыз тегiстеу, құрылыстар салу, сүректер өңдеу, қоймалар салу және басқа да мақсаттар үшін заңсыз пайдалану; ағаштар мен бұталарды зақымдау, орманды, оның iшiнде өрттен зақымданған орманды заңсыз кесу, орман ағаштарын, орман питомниктерi мен плантацияларындағы егiлген не отырғызылған көшеттердi, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсіруге арналған алаңдарда өзi өсiп шыққан шыбықтарды, өскiндер мен қолдан отырғызылған екпелердi жою немесе зақымдау; ормандарды, сол сияқты орман қорына кiрмейтiн екпелердi отқа немесе өзге де аса қауiптi көздерге абай болмау салдарынан жою немесе зақымдау; орман қорын, сол сияқты орман қорына кiрмейтiн екпелердi қасақана жағып жiберу, өзге де жалпы қауiптi тәсiлмен не зиянды заттармен, қалдықтармен, шығарындылармен немесе төгiндiлермен ластау салдарынан жою немесе зақымдау; ормандарда өрт қауiпсiздiгi талаптарын және санитарлық ережелердi бұзу; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек, қосалқы сүрек ресурстарын, ағаш шырындарын дайындау мен тасып әкетудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiбiн бұзу; орман қорының уақытша алынған учаскелерiн қайтару мерзiмдерiн бұзу немесе оларды нысаналы мақсатқа қарай пайдалану үшін жарамды күйге келтiру жөнiндегi мiндеттемелердi орындамау; орман қоры жерлерiндегi шабындықтар мен жайылымдық алқаптарды бұлдiру; ормандар мен орман қоры жерлерiнде өз бетiнше шөп шабу мен мал жаю; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде тыйым салынған немесе орман билетiмен ғана жол берiлетiн дәрiлiк өсiмдiктер мен техникалық шикiзатты өз бетiмен жинау; мемлекеттiк орман қорының ағашы кесiлген және ормандарды молықтыру мен орман өсіруге арналған басқа да алқаптарында ормандарды молықтырудың тәртiбi мен мерзiмдерiн бұзу; орман үшін пайдалы фаунаны жою; ормандарды қурап қалуға немесе ауруға ұшырататын не оларды ластайтын ақаба сулармен, химиялық заттармен, өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтармен және төгiндiлермен орманды бұлдiру; орман қоры жерлерiндегi орман құрғататын жыраларды, кәрiз жүйелерi мен жолдарды жою немесе бұлдiру; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды рұқсаттама құжаттарында көзделген мақсаттарға немесе талаптарға сай келмейтiн әрекеттермен жүзеге асыру; ормандардың жай-күйi мен оларды молықтыруға зиянын тигiзуге әкеп соқтыратын объектiлер салу мен оларды пайдалануға беру; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде кеспеағаш аймағын бөлiп беру мен мөлшерлеудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiбiн бұзу; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүректердi есептi кеспеағаштардан артық мөлшерде дайындау болып табылады. Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласындағы өзге заң бұзушылықтар үшін де жауаптылық белгiленуi мүмкін. Орман қорының жерiн пайдалану режимi Қазақстан Республикасының Жер және Орман кодекстерiмен реттеледi. Жердi орман қоры санатына жатқызу кезiнде аумақтың экологиялық жай-күйiнiң индикаторы ретiнде өсiмдiктердiң жай-күйiн экологиялық критерийлер деп есептеген жөн. Орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшін пайдаланылмайтын орман қоры жерiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің санатына ауыстырылуы мүмкін. Орман қорының жерiн басқа жер санатына ауыстыруға Қазақстан Республикасының орман заңнамасының талаптарына сәйкес орман орналастыру және жерге орналастыру материалдарының негiзiнде мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде: бұрын белгiленген нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану мүмкін болмаған; қоныстар шегi өзгерген; елдi мекендердiң шекаралары (шектерi) өзгерген; ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерінің санатына жатқызылған жағдайда жол берiледi. Орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру кезiнде жердi бағалаудың экологиялық критерийлерiне сәйкес жердің жай-күйiнiң шөптi және сүректi өсiмдiктерге әсер етуiн көрсететiн экологиялық көрсеткiштердi ескерген жөн. Мемлекеттiк орман қоры санатындағы ормандарда бағалылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелердi реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты бойынша ғана жүргiзiледi. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асырған кезде орман пайдаланушылар: жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтiн, ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйiне терiс әсердi болдырмайтын немесе оны шектейтiн және жануарлар дүниесi мен олардың тiршiлiк ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзуге; ағаш сүрегiн дайындаған кезде мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен жобаларда көзделген техника мен технологияны пайдалана отырып, ормандарды табиғи түрде молықтыру үшін оңтайлы жағдайларды сақтау жөнiндегi талаптарды ұстануға; ағашы кесiлетiн жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi аяқталған соң кесiлмеген және дайындалған ағаш сүректерiн қалдырмауға; ағаш сүрегiн дайындаумен бiр мезгiлде кеспеағаш аймағын кесiлген ағаштардың қалдықтарынан тазартуды жүргiзуге; мемлекеттiк орман қорының орман пайдалануға бөлiнген учаскелерiнде ағаштың заңсыз кесiлуiне және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын өзгедей бұзуға жол бермеуге; мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес, орманды қайта жаңартуды қоса алғанда, ағашы кесiлген алаңның екi еселенген мөлшерiнен астам алаңға ағаш отырғызуды жүзеге асыруға; ағашы кесiлген жерлерде және өздерiнiң қызметi нәтижесiнде өскiндерi жойылған, ағаш пен бұта өсiмдiктерi құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебiнен жүзеге асыруға; ормандардың санитарлық жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөнiндегi ережелердi сақтауға; ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға; мемлекеттiк орман иеленушiлердi мемлекеттiк орман қорының орман пайдалану үшін оларға бөлiп берген учаскелерiнде орман зиянкестерi мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға және оның аумақтық органдарына, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына және мемлекеттiк статистика органдарына орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман кадастрын, мемлекеттiк орман мониторингiн жүргiзу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерiн анықтау үшін қажеттi ақпаратты берiп тұруға мiндеттi. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыруды қамтамасыз етуге тиiс. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру ағаш кесудiң ғылыми негiзделген жүйесiн iске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендiк негiзде тұрақты ормандық тұқым базасын жасау және оны тиiмдi пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтiп-баптау үшін ағаш кесу мен санитарлық ағаш кесудi қоса алғанда, орманды күтiп-баптау, орман шаруашылығы мақсатында жол салу, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын өткiзу нәтижесiнде жүзеге асырылады. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды орман мекемелерi мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргiзедi. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттiк орман қорының ағашы кесiлген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтiру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнiмдiлiгiн арттыру, мемлекеттiк орман қоры жерлерiнiң ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады. Орман өсiрудiң мақсаты бұрын орман өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру жөнiндегi iс-шаралар орман өсiру жағдайлары мен экономикалық мақсатқа сәйкестiгi ескерiле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзiмде өнiмдiлiгi жоғары және төзiмдi екпелер жасауды қамтамасыз ететiн тәсiлдермен жүргiзiлуге тиiс. Мемлекеттiк орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсiру жөнiндегі жұмыстар көлемi мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады. Сатуға және егу үшін пайдалануға жататын орман тұқымдарының егу сапасын, олардың мемлекеттiк стандарттарға, техникалық шарттарға және орман тұқым шаруашылығы жөнiндегi басқа да нормативтiк құжаттарға сәйкестiгiн айқындауды орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектiлердi қалыптастыру, оларды мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде пайдаланудың режимiн белгiлеу мемлекеттiк-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтырған және орман өсiрген кезде мемлекеттiк орман қорының учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қалалардың шекарасы шегінде орналасқан ормандар (қала ормандары мен орманды саябақтар) халықтың тынығуына, мәдени-сауықтыру және спорт шараларын өткiзуге, сондай-ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтауға арналған. Қалалық ормандарда және орманды саябақтарда басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге және осы ормандардың мақсатымен сыйыспайтын орман пайдаланудың өзге де түрлерiн жүзеге асыруға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға ауыл және орман шаруашылықтарын кешендi жүргiзу үшін берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта өсiмдiктерiн күзету, қорғау, молықтыру және пайдалану Қазақстан Республикасының Орман кодексiнің талаптарына сәйкес жүргiзiледi. Пайдалануына мемлекеттiк орман қоры учаскелерi берiлген жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Орман кодексiнде белгiленген тәртiппен оларда орман орналастыру жұмыстарын жүргiзуге және орман қорының мемлекеттiк есебiн жүргiзуге қатысуға мiндеттi. Ағаш және бұта өсiмдiктерiнiң жай-күйiн, күзетiлуiн, қорғалуын, пайдаланылуы мен молықтырылуын бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады. Өзін-өзі тексеру сұрақтары: 1. Орман қорының мемлекеттік есебі, мемлекеттік орман кадастры және мемлекеттік орман мониторингі. 2. Орман қорын қорғау мен пайдаланудың экономикалық тетігі. 3. Орман дауларыншешу тәртібі. 4. Ормандарға келтірілген зиянды өтеу және орман заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық. Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі: 1. ҚР Экологиялық кодексі 9 қаңтар 2007ж. 2. Қазақстан Республикасының Орман кодексі № 477. 8 шілде 2003 ж. 3. Стамқұлов Ә.С. Қазақстан Республикасының экология құқығы. - Алматы: "Жеті Жарғы", 1995. 4. Культелеев С.Т. Экологическое право Республики Казахстан. - Алматы, 2003.
|