Сәулет өнері
Егеменді Қазақстанның сәулет өнерінің дамуында академик Ә. Ш. Тәтіғұлов екі кезеңді бөліп көрсетеді: 1. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі алғашқы бес жылды қамтиды, Алматыда — «Оңтүстік астанада» бірқатар ескерткіштердің және қазіргі заманғы сәулет кешендерінің құрылысымен байланысты. 2. Келесі бесжылдықты қамтиды. 1997 жылы астананың Алматыдан Астанаға (бұрынғы Ақмола) көшірілуімен, сондай-ақ біздің мемлекетіміздің жаңа орталығын жаңғыртумен, кең ауқымда абаттандырумен, келешегін жобалаумен байланысты. Қазақстанда мемлекеттіліктің қалпына келтіру үрдісі Атырау, Түркістан, Семей, Қостанай, Қарағанды, Тараз т. б. қалаларда жаңа архитектуралық және мемориалдық жәдігерлерде көрініс тапты. Қазақстан егемендігі мен Тәуелсіздік символын бейнелейтін екінші мыңжылдықтың аяғындағы архитектуралық кешендердің арасында Президент Резиденциясын (1995 жыл) және Алматы қаласының Республика алаңында бой түзеген Тәуелсіздік монументін (1996 жыл) ерекше бөліп атауға болады. Тәуелсіздік монументі 1996 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздіктің 5 жылдығы күні, Қазақстандағы Желтоқсан оқиғаларының 10 жылдығы күні ашылды. Оның авторлары – Ш. Уәлиханов, А. Жұмабаев, Н. Далбаев, Қ. Жарылғапов, Қ. Сұраншиев. Көрнекті тарихи ескерткіштің дүниеге келуі заңды құбылыс еді. Басқа елдер мен халықтардың тарихында, әдетте елеулі немесе аса маңызды тарихи оқиғалар бағаналар, сәулетті аркалар, монументтер тұрғызу арқылы тиянақталып отырды. Мұны Египетте, Вашингтонда, Парижде, Римде, Лондонда, Санкт-Петербургте тұрғызылған бағаналар, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекеттерінде тұрғызылған сәулетті аркалар айғақтайды. Алматыдағы Республика алаңында тұрғызылған Тәуелсіздік монументінің өзгешелігі – оның өн бойында қазақ тарихының тағдырлы беттері бейнеленген және егеменді Қазақстанның өткенін, қазіргісін және болашағын бейнелейді. Тәуелсіздік жылдары бой түзеген бес жұлдызды «Анкара» мейманханасы (авторы Бижан Туберг, Түркия), «Рахат-Палас» қонақ үйі, «Астана» т. б. Алматы қаласының қазіргі келбетін қалыптастыруға елеулі ықпал етті. Республика экономикасының нарықтық қатынастарға көшуі банктердің, офистердің, сауда кешендерінің, үйлер мен заңғар маркеттердің қазіргі заманғы сәулетінде көрініс тапты. Соңғылардың арасында «Рамстор» сауда желісінің ғимараты ерекше көзге түседі, олардың екеуі Алматыда, біреуі Астанада. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратын қайта қалпына келтіру 2000 жылы аяқталды. Отандық мәдениеттің орталығы болып келе жатқан бұл ғимаратта қазірдің өзінде бірнеше халықаралық фестивальдер мен конкурстар өткізілді. Ел Президенті сәулетшілердің алдына қойған міндеттерге орай жаңа астананың қазіргі заманғы келбетінде — Астана қаласында Еуразия құрлығы мәдениетінің барлық таңдаулы жетістіктері көрініс табуға тиіс. Астанада жүзеге асырылған бірінші кезектегі жобаларға мыналар жатады: Президент резиденциясының, Министрлер Кабинеті әкімшілігінің, Парламент пен Ішкі істер министрлігінің ғимараттары, Қаржы министрлігінің кешені, «Самал» тұрғын үй ықшамауданы, әуежай, Есіл өзенінің төңірегіндегі сәулет кешендері т. б. жатады. Соңғы уақытта мұнда Үкімет үйінің жаңа ғимараты, «Сити маркет» сауда орталығы, Спорт сарайы, Ұлттық мұражай, Еуразия университетінің корпусы т. б. бой көтерді. Егеменді Қазақстанның жаңа астанасын сәулеттендіру үрдісін жан-жақты қамту мақсатымен 1998 жылы Астананы дамытудың Бас жоспары үшін графикалық идеялардың халықаралық конкурсы жарияланды. Конкурсқа әлемнің түрлі елдерінен 40 өтініш және 27 жоба түсті. Конкурстың академик Ә. Ш. Тәтіғұлов бастаған төрешілер алқасының шешіміне сәйкес бірінші орынды белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның және оның әріптестерінің жобасы жеңіп алды. 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Түркістан қаласының 1500 жылдығы атап өтілді. Бұл датаға орай Қ. А. Йасауидің бүкіл әлемге белгілі кесенесі күрделі жөндеуден өткізілді. Есім хан алаңы жасалды, «Иассы» қонақ үйі салынды, сондай-ақ Ұлы Жібек жолының символы болып табылатын «Керуен» кешенді жәдігері ашылды. Мамандардың пікірінше, Қазақстан тәуелсіздігінің он жылында бой түзеген сәулет жәдігерлерін төрт топқа бөлуге болады: 1. «Ата-бабалардың және өткендегі тарихи қайраткерлердің жәдігерлері» деп атауға болады. Олардың арасында – Қорқыт ата мемориалдық кешені (Қызылорда), Домалақ ана кесенесі (Оңтүстік Қазақстан облысы), Бекет ата мешіті (Маңғыстау), Сарайшық, Қарасай және Ағынтай батырлар (Айыртау, Солтүстік Қазақстан облысы) кесенелері. Қазақстан тарихы батырларының ескерткіштері: Сұлтан Бейбарыс (Атырау), Мұхаммед Хайдар Дулати (Тараз), Абылай хан (Алматы), Қарасай, Наурызбай, Райымбек батырлар (Алматы облысы), Әбілқайыр (Ақтөбе), Шақшақ Жәнібек (Арқалық), Қаракерей Қабанбай (Рождественка, Астана), Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би (Астана), Ш. Уәлиханов (Кішкенекөл, Солтүстік Қазақстан облысы), Абай-Шәкәрім (Семей), Абай (Астана). Олардың дүниеге келуі қазақтардың ұлттық тарихына ұдайы көңіл бөлу үрдісінің қалыптасуына жәрдемдеседі. 2. Тәуелсіздік кезеңі жәдігерлерінің екінші тобының тақырыбы — «Халық перзенттері». Бұған А. Байтұрсыновтың (Қостанай), М. Жұмабаевтың (Солтүстік Қазақстан облысы), С. Торайғыровтың (Павлодар), Қажымұқанның (Оңтүстік Қазақстан облысы), Қ. Сәтбаевтың (Алматы) ескерткіштері кірді. 3. «Батырлар» — жәдігерлердің үшінші тобын осылай деп атауға болады. Оларға тарихи жәдігерлерге айналған ескерткіштер жатады, олар: Б. Момышұлы (Тараз), Мәншүк пен Әлия (Алматы), Ә. Молдағұлова (Ақтөбе), С. Нұрмағамбетов (Көкшетау). Бұл топқа Астанадағы, Тараздағы, Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіруге арналған Мемориалдық кешендерді де жатқызу керек. 4. Жәдігерлердің төртінші тобын «Әдебиет пен өнер» тақырыбы біріктіреді. Соңғы он жылда Ж. Жабаев (Алматы), Н. Байғанин (Ақтөбе), М. Әуезов (Шымкент), А. С. Пушкин мен Т. Г. Шевченко (Алматы) ескерткіштері бой түзеді. Қазақстанның болашақтың қаласы бейнесінде қарқын алып отырған жаңа елордасының – Астана қаласының құрылысы тәуелсіздіктің нақты мазмұнының бір бөлігіне айналды. 2008 жылы шілдеде Астана өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Астананы мерекелеу әлемдік мәндегі оқиғаға айналды, таяу және шалғай шет елдерден келген қонақтардың көптеген сапарлары, әлемдік телеарналардың, радио және мерзімді баспасөздің ақпараттық хабарлары осыны айғақтайды. Соңғы жылдары Қазақстан астанасының — Астана қаласының мәдени инфрақұрылымын жақсарту жөнінде бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Республика астанасында Қазақ музыкалық-драма театры, Мұражайды, Кітапхананы және Концерт залын қамтитын Президенттік мәдениет орталығы ашылды. Ақорда, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Ұлттық кітапхана, Киноконцерт залы, Цирк – жалпы алғанда Астананың қазіргі заманғы сәулет-мәдени ансамблі құрылысы тәуелсіз Қазақстан астанасының тарихындағы жаңа дәуірдің символдарына айналды. Соңғы жылдары Қазақстанның көптеген қалалары мен ауылдарының, әсіресе Алматы және Ақмола облыстарындағы қалалар мен ауылдардың архитектуралық келбеті айтарлықтай өзгерді. Өзінің келбетімен елдің болашақтағы дамуының шындығы мен келешегін бейнелейтін көптеген әкімшілік ғимараттары, тұрғын үй кешендері дүниеге келді.
|